2027 жылы доллар 515 теңгеге жетуі мүмкін: баға мен несие құны қалай өзгереді

Ulysmedia коллажы

2027 жылдың соңында Қазақстанда доллар бағамы 515 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Сарапшылардың болжамынша, баға өсуі жалғасқанымен, инфляция қарқыны баяулайды. Сондай-ақ базалық мөлшерлеме төмендеп, экономикалық өсім қарқыны бәсеңдеуі ықтимал, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Мұндай болжамды Halyk Finance сарапшылары макроэкономикалық есебінде ұсынды. Олардың бағалауынша, 2026 жылдың соңында доллар 490 теңге болуы мүмкін.

Сарапшылар теңгенің әлсіреуіне бірнеше себеп бар екенін айтады. Жыл соңында шетел валютасына сұраныс дәстүрлі түрде артады. Бұған қоса, Ұлттық банк нарыққа валюта ұсыну көлемін қысқартуды жоспарлап отыр.

– 2027 жылдың соңында АҚШ долларының бағамы 515 теңге болады деп болжап отырмыз. Бұған базалық мөлшерлеме мен мұнай бағасының біртіндеп төмендеуі әсер етеді, – делінген есепте.

Салыстыру үшін айтсақ, 2026 жылдың үшінші тоқсанында доллардың орташа бағамы 462,11 теңге болды.

Баға мен несие құны қалай өзгереді?

Қыркүйекте жылдық инфляция 9,3%-ға дейін төмендеді. Алайда сарапшылар жыл соңына дейін маусымдық факторларға байланысты азық-түлік бағасы жылдамырақ өсуі мүмкін екенін ескертеді. Коммуналдық қызмет тарифтері де отбасылық бюджетке салмақ түсіре береді.

Halyk Finance болжамынша, жыл соңында инфляция шамамен 10% болады. Ал келесі жылы 8-9%-ға дейін баяулауы мүмкін.

Бұл баға төмендейді дегенді білдірмейді. Тауарлар мен қызметтер қымбаттай бермек, тек бағаның өсу қарқыны бәсеңдеуі мүмкін.

Еске салайық, 23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін төмендетті. Сарапшылардың болжамынша, осы жылдың соңына қарай ол 15,5%-ға түсуі мүмкін.

Базалық мөлшерлеменің біртіндеп төмендеуі қарыз қаражатын алуды жеңілдетуі ықтимал. Алайда бұл барлық несие автоматты түрде арзандайды деген сөз емес.

Halyk Finance болжамы бойынша, Қазақстан экономикасы биыл 4,8%-ға өседі. Келесі жылы экономикалық өсім 4,5-4,8% аралығында болады деп күтіледі.

– Біздің бағалауымызша, 2027 жылы мұнай өндірудің нақты көлемі 2026 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай өзгермейді және 95 млн тонна болады. Консенсус-болжамдарға сәйкес, 2027 жылы мұнайдың бір баррелі 75 долларға дейін арзандауы мүмкін. Бұл 2026 жылмен салыстырғанда экспорттық түсімнің және сауда балансының өсу қарқынын тежейді, – деп түсіндіреді сарапшылар.

Олардың пікірінше, экономикалық өсімді құрылыс саласы мен инфрақұрылымдық жобалар қолдауға тиіс. Олардың қатарында Ұлттық қор қаржыландыратын жобалар да бар.

Жақында Халықаралық валюта қоры да Қазақстан экономикасына қатысты жаңа болжамын жариялады. Толығырақ осы материалдан оқи аласыз.