Мәжіліс мемқызметкерлерге теңестірілген тұлғаларға кәсіп жасауға рұхсат берді. Қандай талаптар бар

Ғалиасқар Думан

Мәжіліс мемлекеттік қызметкерлерге теңестірілген тұлғаларға енді кәсіпкерлікпен шұғылдануға рұхсат беретін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Shutterstock

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ШЕШІМІ

Барлығы азаматтың Конституциялық сотқа жүгініп, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 13 бабын қараудан басталған. Сот баптың мемлекеттік қызметкерлерге теңестірілген тұлғаларға бизнес жүргізуге шектеу қоятын бөлігі Конституцияға қайшы екенін мойындаған. Сот шешіміне сай, мұндай шектеулер Конституцияның 26 және 39 бабында көзделген кәсіпкерлікпен айналысу еркіндігі құқығын бұзады.

КӘСІПКЕРЛІКТІ КІМ ЖҮРГІЗЕ АЛАДЫ

Заңға енгізілетін өзгеріс бірқатар лауазымды тұлғаны қамтымақ. Енді бизнес жүргізуге шектеу республикалық мемлекеттік кәсіпорындарда, коммуналдық кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерде басшылық қызмет атқаратын тұлғаларға қолданылмайды. Алайда бұл олар ешқандай шартсыз кәсіпкерлікпен еркін айналыса алады дегенді білдірмейді.

МАҢЫЗДЫ ШЕКТЕУЛЕР

Кәсіпкерлік қызметке айналысу мүмкіндігіне рұхсат берілгеніне қарамастан, түзету қатаң шектеу қояды. Мемлекетттік қызметкерлерген теңестірілген тұлғалар мүдделер қайшылығы туған жағдайда немесе лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтірсе, бизнеспен айналыса алмайды. Оларға қызметтік мүлікті коммерциялық мақсатта қолдануға тыйым салынған, сондай-ақ жұмысқа кедергі келтірсе, компания қызметіне қатыса алмайды.

Бұған дейін мемлекеттік қызметшінің жеке ісіне оның туғандары мен тіл білу деңгейі туралы деректер қосылатыны туралы хабарланған.