"Қызыл сөз зауыт салдырмайды". Ерлан Қошанов АЭС айналасындағы әңгімеге пікір білдірді

Ғалиасқар Думан

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов кеше өткен мәслихаттар депутаттары форумында айтылған кейбір ойларды дамытып, АСЭ құрылысы айналасындағы әңгімеге байланысты пікірін қосты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

ПӘН ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫН НАСИХАТТАУ

Қошанов президенттің академик Асқар Жұмаділдаев айтқан, пәндік олимпиададан орын алған оқушыларға спорт олимпиадасынан жүлде алғандарға көрсетілгендей құрмет көрсетілмейді деген сөзін келтіргеніне назар аударып, мұны өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беру мәселесіне қатысты маңызды жайт екенін айтты.

– Қазір қоғамда ауқымды пікірталас жүріп жатыр. Негізінде, заманауи гаджеттер мен интернет арқылы дендеп бара жатқан жаһандық трендтер ұл-қыздарымыздың санасын улап, олардың бойына жалған құндылықтарды таңып жатыр. Бұл – біздің қоғам мен өзге де мемлекеттер үшін нағыз сынақ. Өкінішке қарай, нақты әрі терең рухани-мәдени бағдары жоқ қазақстандық балалар соңы қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыратын түрлі квесттердің құрбаны болуда. Мәжілісмендер бұл мәселені бір емес, бірнеше рет көтерді. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы елімізде жауапты ата-ана идеясын ілгерілетуді көздейтін қоғамдық науқан өткізу мәселесін көтерді. Оның бір қыры – олимпиадаларда математика, физика және өзге де пәндер бойынша жүлделі орындарға ие болған нағыз қаһармандарымызды балалар мен жасөспірімдер арасында барынша насихаттау. Олар жемісті жетістіктерге жетіп, елімізді зияткерлік кеңістікте әлемге әйгілеуде. Ал бұл істе өзге салаларға қарағанда шын бәсекелестіктің бәсі әлдеқайда жоғары, – деді ол.

Қошанов математика, физика, химия, биология және өзге де нақты ғылымдар бойынша олимпиада жеңімпаздары – алдағы уақытта елде инновациялық экономиканың дамуын қамтамасыз ететінін, зияткерлік инженерлік ұлт негізін қалайтынын түсіну қажеттіігін жеткізіп, адамдарды адастыратын қызыл сөздің дәуірі өткенін мәлім етті.

“ҚЫЗЫЛ СӨЗ” ТУРАЛЫ

– Елімізге АЭС қажет екені жөніндегі жалпыреспубликалық пікірталас болашақ тек қызыл сөзді ұнататындар емес, нақты сала мамандарының қолында екенін көрсетті. Қызыл сөз зауыт салдырмайды, адамдарды адастырады, – деді мәжіліс спикері.