Заңнама деңгейінде реттелуі керек – Жоғарғы сот мектептегі орамал мәселесі жайлы

Аян Өрібай

Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев мектепке оқушылардың орамал тағып баруына байланысты қаралған іс бойынша сұраққа жауап берді. Таяуда Жоғарғы сот осыған қатысты бір істі қарап, шешім шығарған еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Ulysmedia коллажы

ЕКІҰШТЫЛЫҚ БАЙҚАЛМАЙ МА

Астанада өтіп жатқан судьялардың съезінде Ulysmedia.kz тілшісі Аслан Түкиевке сұрақ қойған.

– Таяуда Жоғарғы сот орамал таққаны үшін мектепке кіре алмаған оқушының құқығын қорғады. Арада көп өтпей “министрдің бұйрығының Жоғарғы сот күшін жойған жоқ” деп хабарлама таратты. Бұл жерде екіұштылық байқалмай ма? – деп сұралды Түкиевтен.

Түкиев бұл бағытта Жоғарғы соттың позициясы өзгермегенін айтады.

– Арызданушы сотқа бір ғана талаппен жүгінді: білім беру процесіне кіргізбеуді заңсыз деп тануды және мектепке кіргізуді талап етіп арыз түсірді. Сол себепті жергілікті деңгейде де, Жоғарғы сот та осы талаптар шеңберінде істі қараған. Сот мектепке  оқушының кіргізілмеуін заңсыз деп таныды, себебі Конституцияның 30-бабына сәйкес, бастауыш және орта білім міндетті делінген. Бұл – Конституцияның базалық ережесі. Ол Конституцияның 39 бабында жазылғандай, арнайы заңмен ғана шектелуі мүмкін. Заңның өзі мектептерге оқушылардың кіргізбеу құқығын бермейді. Сол себепті сот оқушыны мектепке кіргізуге міндеттеді, – дейді ол.

Түкиевтің айтуынша, сот тек оқушының құқығы жөнінде істі қараған.

– Мектепке орамал тағып баруға бола ма? Солай барса, бұйрықта бекітілген ережелерді бұза ма? Ол мәселені сот қараған жоқ. Әкімшілік соттар тіпті, бұйрықтардың заңды-заңсыздығын тексере де алмайды. Себебі ол азаматтық соттарда қаралады. Сол себепті баспасөз хабарламасында Жоғарғы сот арыз қанағаттандырылғанын, сот оқушыны мектепке кіргізу міндетті деп тапты, – дейді ол.

– Демек, орамал таққан оқушы қыз мектепке кіре ала ма? Мектеп әкімшілігі оны кіргізуге міндетті ме?

– Иә, бекітілген ережелерді бұл жағдай бұзады. Ол үшін жауапкершілік те бар. Әкімшілік кодекс бойынша екі бап – қателеспесем 127 және 409 бап. Бұл баптар балалардың құқықтарының бұзылуына, сонымен бірге ата-аналарының бұзуына әкеп соққан жағдайда… Алайда соған қарамастан мектеп баланы мектепке кіргізу керек. Сот жүйесі солай қарайды.

– Бұл мәселе бәлкім, заңнама деңгейінде шешілуі керек деп есептемейсіз бе?

– Судья ретінде мен мәселе заңнамалық тұрғыда шешілгені дұрыс дер едім. Себебі шектеу болмағаннан кейін адамдардың пайдасына қарай құқығы бар. Жалпы, мектепте қандай форма болуы керектігі, заңнамалық деңгейде реттелуі тиіс. 

– Нақтылайықшы: мектепке оқушы хиджаб немесе орамал тағып кіре алады ғой?

– Ол немен келсе де, баланы орта білім алу құқығынан айыруға заң әзірге рұқсат бермейді. Кез келген оқушы мектепке кіргізілуі керек.

– Мектеп әкімшілігі оқушыны кіргізбеген кезде қандай ережеге сүйенген?

– Заңнамаішілік акт бар. Оқу-ағарту министрлігі шығарған. Ол расында да, орамалды тағуға рұқсат бермейтін ережелерді бекіткен. Бұл бұйрық заңнан шығып отыр. Бірақ заң да, бұйрық та білім алуға деген конституциялық құқыққа санкция сала алмайды. Сот осыны айтып отыр. Бірақ біз заңнама осы сұраққа жауап бергенін қалаймыз. Мәселені реттеу керек. Себебі уақыт өте келе ата-аналардың да жауапкершілігі мәселесі көтеріледі. Жасөспірімдердің діни еркіндігінің шегі қандай болатыны да айтылады. Осы сұрақтың бәріне заңнама жауап беруі тиіс.

ЖОҒАРҒЫ СОТТА ҚАРАЛҒАН ІС

Қазақстанда оқушы қыздарға мектепте хиджаб немесе орамал тағып баруға бола ма деген мәселеге нүкте қойылар емес. Қазір де ақпарат кеңістігінде Жоғарғы соттың мектепке орамал таққаны үшін бара алмаған оқушы қыздың ісі тағы үлкен талқыға айналды. Зайырлы мемлекетте бұл пікірталастардың себебі неден шығып отыр? Діни киімге рұқсат берудің салдары болуы мүмкін бе? Ulysmedia.kz осы сұраққа жауап іздеп көрген.

Жоғарғы соттың оқушы қыздың құқығын қорғаған шешімі бұқаралық ақпарат құралдарын жалт қаратқан еді. БАҚ-тың бәрі "Қазақстан мектептерінде орамал тағуды жақтаушылар бітпес дауда жеңіске жетті", "орамалмен мектепке баруға болады" деп жарыса жазды. Келесі күні Жоғарғы сот орнынан "шоршып түскендей" екінші ақпаратты таратты. Ресми мәлімдемеде құзырлы орган әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы білім беру мекемесінде орамал тағудың заңдылығы туралы мәселені талқыламағаны көрсетілген.

– Кассация сатысы мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін заңсыз деп таныды, өйткені білім алу құқығы Қазақстан азаматтарының негізгі конституциялық құқықтарының бірі, – деп түсіндірді сот.

АҚ ОРАМАЛ ТАРИХЫ

Бесінші сыныптағы оқушының анасы Дина Омарова Ақсай қаласының үшінші мектебі және оның директоры Ғұмар Әжіғалиевпен соттасқан. Оның қызы Сафия Исатай 2023 жылдың 1 қыркүйегі мен 8 қарашасы аралығында "сеніміне сай" орамал тағып жүргендіктен мектепке кіргізілмеген. Ата-ана бірнеше рет мектеп әкімшілігіне баланың білім алу құқығындағы шектеулерді жою туралы өтініш түсірген, бірақ нәтиже болмаған.

Бірінші сатыдағы сот әйелдің талабын қанағаттандырмаған. Апелляция шағымында ол қызының орамалы діни атрибут емес, ұлттық киім – кимешек екенін түсіндірген. Бірақ сот алқасы ақ орамалдың діни маңызы бар екенін және оны кию міндетті мектеп формасы ережелерін бұзады деп тапқан. Ақыры, сабаққа қатысудан бас тарту заңды деп танылған.