Референдум алдында белсенділердің ұсталуы: Қарин не дейді

Қалижан Бектемір

Референдум алдында белсенділердің ұсталуы қаншалықты дұрыс? Дауыс ұрланбай ма? Бұл сұрақтар бүгін дауыс беруге келген ҚР мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қаринге қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ulysmedia.kz

БҰЛ – ЗАҢДЫ ҚҰБЫЛЫС

Дәл белсенді азаматтар ұсталды деп тұжырым жасап айтуға болмайды. Егер де дәл сондай белгілі азаматтардың сұрақтары болатын болса, оны құқықтық мәселелер деп қабылдау керек, – деді ол.

Сондай-ақ Ерлан Қарин референдумда негізгі мәселелер бойынша сұрақтар жоқ деп ойлайтынын айтты. 

Әлемде болып жатқан саяси науқандарға қарасаңыз, біреулер келісіп жатады, енді біреулер қарсы болып жатады. Бұл заңды құбылыс. Бұл елдерде де тұрлі дау-дамайлар болып жатады. Бұл саяси дода, науқан болғаннан кейін бәрінің көңілінен шыға бермейді, меніңше, негізгі мәселелер бойынша сұрақтар жоқ деп ойлаймын, – деді мемлекеттік кеңесші. 

ЕЛІМІЗДЕ МҰНДАЙ ҰЗАҚ ТАЛҚЫЛАНҒАН САЯСИ НАУҚАН БОЛҒАН ЕМЕС

Ал дауыстың ұрланбауына мемлекет кепіл бола ала ма деген сұраққа Ерлан Қарин: 

Әрине. Өйткені мемлекет үшін, билік үшін, үкімет үшін референдумда қоғамның шынайы пікірі керек. Сондықтар бұл талқылау жан-жақты ұйымдастырылды. Осыдан екі күн бұрын Telegram-арнамда пост жазған болатынмын. Президенттің тура бір жыл бұрын өз жолдауында АЭС-ке қатысты референдум өткізіледі деп идея айтқанына бүгін 402 күн. Қазақстанның жаңа саяси тарихында мұндай ұзақ мерзімді саяси науқан болған емес. Үкімет осы мәселе бойынша ұзақ талқылауға барып, міне, 402 күнге жалғасты. Мұндай ТМД кеңістігінде болған емес. Бұл елеміздегі қоғам мен билік арасындағы диалогтың кеңейіп келе жатқандығыны көрінісі, – деді. 

Бұған дейін Қазақстанда АЭС референдумы қарсаңында 20-дан астам белсенді ұсталған болатын.

Еске салсақ, бүгін бүкіл елде референдум комиссиясының 70 мыңнан астам мүшесі жұмыс істейтін 10 мыңнан астам учаске жұмысын бастады.