Барлық рейс тоқтатылды: Иран әуе кеңістігін толықтай жапты

Қалижан Бектемір

Иранның әуе кеңістігі дүйсенбі таңына дейін жабылады, елге және елден ұшатын барлық рейс тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

РБК-ның жазуынша, Иранның әуе кеңістігіндегі барлық рейс осы күннің 21:00-ден бастап 7 қазандағы таңғы 6:00-ге дейін жергілікті уақыт бойынша (Астана уақытымен 22:30-дан 7:30-ға дейін) тоқтатылады.

Жолаушыларға қосымша ақпарат алу үшін әуе тасымалдаушыларына хабарласуға кеңес беріліп, ақшаны қайтару мәселесіне алаңдамау керегі айтылған: қаражатты қайтару жолдары кейінірек жарияланады деп уәде етілді.

Иранның Азаматтық авиация ұйымы рейстердің тоқтатылуын эксплуатациялық шектеулер деп түсіндірді.

Алайда басылым Иранның әуе кеңістігі соңғы рет 2 қазанда, Израильге жаппай зымыран атқылаудан бұрын жабылғанын жазған. 

Еске салсақ, жағдай ушықса Қазақстан Таяу Шығыстқа репатрациялық рейс жіберетінін жазған болатынбыз. Сондай-ақ ҚР Азаматтық авиация комитеті Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне қатысты мәлімдеме жасаған еді.

Айта кетейік, Дональд Трамп Израильді Иранның ядролық нысандарына соққы беруге шақырған болатын.

Ал лондондықтар Таяу Шығыстағы Израиль геноцидіне қарсы шеруге шықты.