Жетісу облысында білім бөлімінің бухгалтерлері 34 млн теңге жымқырған

Қалижан Бектемір

Прокурорлар Жетісу облысының білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты әшкереледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

ЗАҢСЫЗ ЖАЛАҚЫ, ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫ

Кербұлақ ауданы прокуратурасы білім бөлімі бухгалтерлерінің бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады.

2021-2023 жылдар аралығында білім бөлімінің үш бухгалтері білім бөлімінде жұмыс істемейтін адамдарға заңсыз жалақы мен еңбек демалысы жәрдемақысын аударғанын анықтады.

Келтірілген шығын 34 млн теңгені құрады.

Осы факті бойынша облыс прокуратурасы тергеу жүргізіп, нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.

СОТ ҮКІМІ

Сот үкімімен бухгалтерлер Қылмыстық кодекстің 63-бабы (шартты түрде соттау) бойынша 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындаумен кінәлі деп танылды, келтірілген залал мемлекет кірісіне толық көлемде өтелді. 

Еске салсақ, бұған дейін Антикор мұғалімдерге еңбекақы төлеу қорынан ақша ұрланғанын анықтаған болатын.

Сондай-ақ Алматыда мектеп-гимназия бухгалтері 23 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды.