Бұл туралы бүгінгі брифингте Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті. Ол алдын ала мәліметті жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АЛДЫН АЛА ҚОРЫТЫНДЫ
Оның айтуынша, биыл 7 қазанындағы сағат 08.00-дегі жағдай бойынша елдің барлық өңіріндегі және шетелдегі 10 323 учаскеде дауыстарды санау аяқталған.
Кеше ОРК күні бойы онлайн режимде өңірлердің жеке деректері негізінде қазақстандықтардың дауыс беруге қатысуын хабардар еткені, 9 брифинг өткізіліп, барлық ақпарат ұсынылғаны хабарланды.
Бүгін таңертең дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалардың электронды көшірмелерін ұсынған. Жедел деректер негізінде ОРК референдумда дауыс берудің алдын ала қорытындыларын шығарды.
Референдумда АЭС-тің салынуын қолдағандар – жалпы дауыс берушілердің 71,12 пайызы немесе 5 561 937 адам.
АЭС салуға қарсы дауыс бергендер саны 2 045 271 адам.
РЕФЕРЕНДУМ
6 қазан күні Қазақстанда АЭС салу жөніндегі жалпыұлттық референдум болып өтті. Орталық референдум комиссиясы референдум учаскелерінің бәрінде дауыс беру аяқталғанын жариялады. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың аумақтық комиссиялары ұсынған деректер бойынша сағат 20.00-дегі жағдай бойынша өңірлердегі азаматтардың келуі мына сілтемеде көрсетілген.