Қазақ мектептері азайып, аралас мектептер көбейді – Аймағамбетов не дейді

Аян Өрібай

Ulysmedia.kz порталы бұған дейін Қазақстанда қазақ мектептерінен гөрі аралас мектептердің саны көбейіп бара жатқаны туралы мақала жариялаған еді. Кейінгі 10 жылда елде қазақ мектебінің саны бар-жоғы 4-ке көбейсе, аралас мектеп бірден 339-ға артқан. Елде неліктен қазақ мектептерінің орнын аралас мектептер басып кетті? Мәселені реттеуге бола ма? Осы сұрақты білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке қойып көрдік.

Фото: Ашық дереккөзден

«Қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне белгілі бір дәрежеде білім және ғылым министрлігі жауапты болар. Тіл білімі институттарының мәдениет министрлігінен білім және ғылым министрлігіне қарауы осыны білдіретіні анық. Осы ретте қазақ мектептерінің саны неге тым баяу көбейеді? Бұл мәселе жөнінде позицияңыз қандай?» - деп сұрақ қойды Ulysmedia.kz тілшісі министрге.

Асхат Аймағамбетов бұл проблема турасында ұстанымын бұрын бірнеше рет білдірегін айтты.

«Мен бұл мәселе жөнінде өз позициямды бірнеше мәрте айтқанмын. Әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында да жарияладым. Қазіргі уақытта қазақ тілінде білім алу үшін бізде барлық жағдай жасалған. Қазақ тілінде білім алатындардың деңгейі кемінде төмен емес, жоғары болмаса! Қазақ тілінде білім алу үшін педагогтардың саны да, сапасы да жеткілікті. Оған тиісті мазмұны да сәйкес келеді. Сондықтан қазақ тілінде білім аламын дегендерге барлық жағдай бар. Соның арқасында бүгінгі күні оқушылардың 70 пайызға жуығы қазақ тілінде біліп алып жатыр», - деді Асхат Аймағамбетов Сенаттың кулуарында.

Оның айтуынша, баласын қай тілге беру мәселесі әр ата-ананың өз шешімі.

«Әрине, жай-жайдан алға жылжу бар. Мысалы бұрын 2 мың балабақша ғана қазақ тілінде білім мен тәрбие беруге мүмкіндік алған болатын. Ал қазіргі уақытта олардың саны 7,5 мыңға жетті. Ол нені білдіреді? Яғни шын мәнінде, бұл мәселеде өте үлкен жақсы өзгерістер бар деген сөз. Сондықтан біз оны ұрандатпай, салиқалы және сауатты жүргізіп, әр адам өзінен бастауы керек. Әр адам өзінен бастаса бұл жұмыс қарқынды жүреді деп ойлаймын», - деді ол.

Еске сала кетейік, соңғы 10 жылда елде қазақ мектебінің саны бар-жоғы 4-ке көбейген.