«Байтерек» холдингі мен Lesha Bank LLC – «Bereke Bank» АҚ акцияларының толық пакетін сатып алу-сату мәмілесін аяқтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР БЕРЕДІ
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәліметінше, «Bereke Bank» АҚ акционерінің ауысуы банкке даму перспективаларын ашып, халықаралық стандарттарды енгізуге, өнім желісін кеңейтуге және клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
"Бұл банк позициясын нығайтуға, қаржылық тұрақтылықты арттыруға, сондай-ақ клиенттерге инновациялық және бәсекеге қабілетті шешімдерді ұсынуға ықпал етеді. Шетелдік инвестордың Қазақстанның қаржы нарығына келуі екінші деңгейлі банктер арасындағы бәсекелестікті арттырып, нақты секторды несиелендірудің өсуін қамтамасыз етеді", – деп атап өтті қаржылық реттеуші.
МІНДЕТТЕМЕЛЕР ӨЗГЕРІССІЗ ҚАЛАДЫ
"Bereke Bank" АҚ қазақстандық коммерциялық банк ретінде жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді. Қаржы ұйымының клиенттер мен серіктестер алдындағы барлық міндеттемелері өзгеріссіз орындалады.
БАНК АКТИВТЕРІ ТУРАЛЫ
Қазіргі уақытта «Bereke Bank» АҚ активтер көлемі бойынша Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер арасында 9-орында, несие портфелі бойынша 7-орында тұр. Банктің активтері 2 338 миллиард теңгені, меншікті капиталы 186 миллиард теңгені құрайды.
LESHA BANK
Lesha Bank шариғат нормаларына сәйкес жұмыс істейтін банк деп таныстырылды және 2010 жылдың 30 маусымынан бастап Qatar Financial Center Regulatory Authority лицензиясына (рұқсатына) ие, ол депозиттер қабылдау, қарыз операциялары, инвестицияларды басқару, ұжымдық инвестициялық қорды басқару сияқты банктік операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Lesha Bank активтері 2,05 миллиард АҚШ долларын, меншікті капиталы 0,35 миллиард АҚШ долларын құрады, капитал жеткіліктілігінің коэффициенті 16,9%-ды құрайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша банк 26,5 миллион доллар таза пайда тапқан, ал 2024 жылдың алғашқы 6 айында 15,5 миллион доллар пайда көрген.
Bereke Bank көрсеткіштері және Lesha Bank-пен келіссөздер барысы 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, Bereke Bank активтері 2 триллион 248 миллиард теңгеге бағаланып, меншікті капиталы 173 миллиард теңгені құрады.
Бұған дейін "Байтерек" ұлттық басқарушы холдингі Bereke Bank-ті шетелдік инвесторға сату бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлаған. 2024 жылдың ақпанында катарлық Lesha Bank «Байтерекке» тиесілі банк акцияларын сатып алуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Сату-сатып алу шарты 2024 жылғы 31 наурызда қол қойылған, ал мәміле сомасы 65 миллиард теңгені құрады, бұл сол кездегі бағам бойынша 532 382 681 катар риалына тең болды.