"Хезболла" Израильге 135 зымыранмен шабуыл жасады

Ілияс Бақыт

Израильдік БАҚ мәліметінше, елдің солтүстігіне жасалған соққы Таяу Шығыстағы қақтығыс бастағалы бері Ливаннан жасалған ең ауыр зымырандық шабуыл болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

135 ЗЫМЫРАН ЖІБЕРІЛГЕН

Ливандық радикалды «Хезболла» тобы Израиль аумағына шамамен 135 зымыран жіберді. Шабуыл Израильдің солтүстігіндегі нысандарға, әсіресе елдің үшінші ірі қаласы Хайфаға бағытталған. 

ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ҚҰЛАҒАН

Зымырандардың көпшілігін әуеде қағып түсіріп үлгерген, бірақ бірнешеуі Хайфа мен оның айналасындағы аймақтарға, соның ішінде Кирьят-Моцкинге құлағаны атап өтілді. БАҚ мәліметінше, Хайфа маңындағы Кирьят-Ямда зымыран бөлшектері тұрғын үйге құлаған.

ЖАРАҚАТ АЛҒАНДАР БАР

Шабуыл салдарынан бір әйел қолына жеңіл жарақат алғанын «Маген Давид Адом» құтқару қызметі X әлеуметтік желісінде хабарлады.

Times of Israel, N12 телеарнасы және басқа да израильдік БАҚ бұл шабуылды Ливан тарапынан соңғы бір жылда Израильге жасалған ең ауыр шабуыл деп сипаттады.

АЙТА КЕТЕЙІК

Хайфаға жасалған шабуыл «Хезболла» басшысының орынбасары Наим Касемнің сөз сөйлегеннен кейін бірден басталды. 27 қыркүйекте Хасан Насралла Израильдің Бейрутқа жасаған соққысы кезінде қаза тапқан.

ИЗРАИЛЬ ТАРАПЫНЫҢ ӘРЕКЕТІ

Израиль Қорғаныс армиясы Ливанның оңтүстігіндегі Марун-ар-Рас ауылындағы төбеге Израиль туын орнатты.

Шабуылдар дәл осы позициядан Израильдің солтүстігіндегі елді мекендерге бағытталған еді.