Министрліктер медреседегі зорлық-зомбылық ісі туралы не дейді

Ulysmedia коллажы

ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, Исматулла Мақсұмның медресесінде болған зорлық-зомбылық оқиғасы 10 жылдан астам уақыт бұрын болған. Алайда бұл жағдай жуырда ғана көпшілікке мәлім болды. Соған қарамастан, мемлекеттік органдар істің мән-жайын әзірше ашып айтпай отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Медреселердің қызметін кім бақылайды?

Журналистер оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан ведомство діни медреселердің қызметін бақылауға алуды жоспарлап отырған-отырмағанын сұрады.

– Бұл мәселе ведомствоаралық бақылауды күшейтуді талап етеді. Өзіңіз түсінесіз, ол бірнеше мемлекеттік органның құзыретіне қатысты. Сондықтан бұл мәселені қосымша қарастырып, сіздерге жеке жауап беруге дайынбыз, – деді министр.

Сонымен қатар ол қоғам мен тергеу органдарына белгілі болған оқиғалар 10-15 жыл бұрын болғанын атап өтті. Ал Балалардың құқықтарын қорғау комитеті зардап шеккендерге көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

– 2026 жылдың басынан бері еліміздің әр өңірінде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары жұмыс істеп келеді. Балалар қандай да бір көмекке мұқтаж болса, осы басқармаларға жүгіне алады. Мұны арнайы атап өткіміз келеді. Әңгіме 10-15 жыл бұрын болған оқиғалар туралы болып отыр. Егер бұл балаларға психологиялық көмек қажет болса, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, мұндай көмек көрсетуге дайынбыз, – деді Сүлейменова.

Тергеу туралы не белгілі?

Брифингке қатысқан ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембеков те істің тергелу барысына қатысты түсінік беруден бас тартты.

– Кейінірек жазбаша түрде ақпарат береміз, – деп жауап берді ол Ulysmedia.kz тілшісінің нақтылау сұрағына.

Контекст

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның Ішкі істер министрлігі діни қайраткер Исматулла Мақсұмға қатысты тергеу бастағанын хабарлағанбыз. Оған медреселерде білім алған жасөспірімдерге жыныстық зорлық-зомбылық көрсетті деген айып тағылған еді.

Сізге қызық болуы мүмкін