Он күнде екі өлім: дауы мен дақпырты көбейген ҚазҰУ ректоры орнынан кете ме?

Ulysmedia.kz коллажы

16 қарашада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тағы бір студент қаза тапты. Әлеуметтік желілерде студенттер арасында төбелес болғаны, тіпті әлімжеттік болғаны жөнінде ақпарат тарады. Алайда оқиғаның нақты мән-жайы әзірге ресми түрде жарияланған жоқ. Айта кетейік, бұған дейін, 6 қарашада да ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмған еді. Ол кезде әлеуметтік желілерде қыздың өз-өзіне қол жұмсағаны туралы болжам тарағанымен, бұл нұсқа да ресми түрде расталмады.

Осылайша, он күннің ішінде университетте бірінші курстың екі студенті қаза тапты. Соңғы жылдары ҚазҰУ бірнеше рет қоғам назарын аудартқан дауға ілікті. Енді екі студенттің өлімі оқу орнындағы қауіпсіздік пен басшылықтың жауапкершілігіне қатысты күрделі сауалдарды алға шығарды. Осындай жағдайда ректор Жансейіт Түймебаевтың қызметінен кететін уақыты келді ме деген заңды сұрақ туындайды. Жалпы еліміздегі маңдайалды оқу орындарының беделі неге күн санап түсіп барады?  Студенттер мен оқытушылар неге журналистерден қашқақтайды? ҚазҰУ басшылығы неге түсініктеме бермейді? Ulysmedia тілшісі университеттегі бүгінгі ахуалды көзбен көріп қайтты.

Қайтыс болған студент жайлы не белгілі?

Бұл жолы қайтыс болған студент география және табиғатты пайдалану факультетінде оқыған. Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге сәйкес, қайғылы жағдайға бірінші және екінші курс студенттері арасында әлімжеттік себеп болуы мүмкін екені айтылды. Екінші курс студенті демікпемен ауыратын бірінші курс студентіне соққы жасаған. Соның салдарынан оның жағдайы күрт нашарлап, көз жұмғаны туралы ақпарат тарады.

Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.

Еске сала кетейік, ҚазҰУ студенттер қалашығындағы алғашқы қайғылы жағдай 6 қарашада болды. Сол күні журналистика факультетінің бірінші курс студенті қаза тапты. Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде қыздың өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады. Алайда университет бұл нұсқаны ресми түрде растаған жоқ. Оқу орны тергеу нәтижесі мен сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күту қажеттігін мәлімдеді. Арада он күн өткенде тағы да бірінші курс студентінің қаза тапқаны мәлім болып отыр. Жалпы бұл ата-аналар мен қоғамды алаңдататын оқиға екені анық.

Студенттер әңгімеден неге қашады?

Студенттер қалашығындағы ахуалды өз көзімізбен көріп, білім алушылардың қайғылы оқиғадан қаншалықты хабардар екенін білу үшін университетке бардық.

Алдымен жатақханаға кірдік. Алайда қызметкерлер болған жағдайға қатысты ешқандай ақпарат бере алмады. Одан кейін кампус аумағында студенттермен сөйлесуге тырыстық. Бірақ олардың басым бөлігі сұрақтарымызға жауап беруден бас тартып, әңгімеден қашқақтады.

Бір қызығы, 6 қарашадағы алғашқы қайғылы оқиғадан кейін де студенттер журналистермен сөйлесуге құлық танытпаған еді. Сол кезде әлеуметтік желілерде университет басшылығы білім алушыларға оқиға туралы ешкімге ақпарат бермеуді ескертіп, артық мәлімет таратқандарды оқудан шығарамыз деп қорқытқан деген ақпарат тараған. Алайда бұл мәлімет ресми түрде расталған жоқ.

Бұл жолы да ештеңе өзгерген жоқ. Бірі ештеңе білмейтінін айтты, енді бірі басын изеп, әрі қарай жүріп кетті. Кейбір студенттер сұрақты толық тыңдамай-ақ, жауап берместен өтіп жатты.

Бір қарағанда, университеттегі өмір әдеттегі қалпында жалғасып жатқандай. Студенттер сабаққа барып, жатақханаға қайтып жүр. Кампус аумағында ерекше өзгеріс байқалмайды. Алайда он күн ішінде екі студент қаза тапқаннан кейін білім алушылардың үнсіздігі де назар аудартпай қоймайды. Деканаттан да сабақ әдеттегі кестеден таймай жалғасып жатыр, ол жақтан да нақты түсініктеме ала алмадық, журналистерді ректоратқа сілтеді.

Университет тағы да құрғақ мәлімдемемен шектелді

ҚазҰУ баспасөз қызметіне хабарласып, ректораттан төменге түсіп түсініктеме беруімізді сұрағанда баспасөз хатшысы тілдесуден бас тартты. Оның орнына WhatsApp арқылы жазбаша мәлімдеме жіберді.

Қосымша сұрақтарымызға жауап ретінде университет баспасөз мәслихатын өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Бірақ оның нақты қай күні өтетіні белгісіз. Алайда, айландырған он күнде екі бірдей студент қаза тауып отырғанда неге оқу орны құрғақ мәлімдемемен ғана шектеледі деген сұрағымыз жауапсыз қалды.

Ал ресми мәлімдемеде университет студенттің қайтыс болғанын растап, отбасына көңіл айтты. Сондай-ақ марқұмның жақындарына материалдық және моральдық қолдау көрсетілетіні хабарланды.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты ата-анасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тексеру жүргізіп жатыр. Университет жағдайды объективті қарастыруға жан-жақты қолдау көрсетуде. Университет басшылығы мен ұжымы тарапынан марқұмның отбасына қажетті материалдық және моральдық көмек көрсетіледі.

Осы ауыр қазаның қайғысына ортақтаса отырып, марқұмның отбасы мен жақындарының сезіміне құрметпен қарауға, сондай-ақ ресми түрде расталмаған ақпарат пен жалған мәліметтерді таратпауға шақырамыз», – делінген мәлімдемеде.

Бұл жерде заңды сұрақ туындайды, он күннің ішінде екі студентінен айырылған ірі университеттің баспасөз қызметі неге журналистермен ашық сөйлесуге дайын емес? Неліктен басшылық қайғылы оқиғадан кейін қоғамның сауалдарына тікелей жауап берудің орнына жазбаша мәлімдемемен шектеледі?

Әрине, тергеу жүріп жатқан кезде кейбір мәліметтерді жариялауға шектеу болуы мүмкін. Бірақ бұл университеттің студенттердің қауіпсіздігіне қатысты жалпы сұрақтарға жауап бермеуі қоғам алдындағы жауапкершілікті білдірмей ме деген сұрақ бар.

Күдікті ұсталды: полиция не дейді?

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Алматы қалалық Полиция департаментіне хабарластық. Ведомство студенттің өліміне қатысты Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын және күдіктінің ұсталғанын хабарлады.

Алайда полиция әзірге жанжалдың неден басталғанын, күдіктінің кім екенін және оқиғаның басқа да егжей-тегжейін жариялаған жоқ.

«Аталған дерек бойынша Бостандық ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта істі толық, жан-жақты және объективті тергеуді қамтамасыз етуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр»», – делінген ПД түсіндірмесінде.

Полицияның күдіктіні ұстағаны туралы мәлімдемесіне қарағанда студенттің шышында да кісі қолынан қаза тапқанынына дәлел. Алайда студенттің нақты қандай жағдайда қаза болғаны әлі белгісіз.

Басынан қара бұлт арылмаған Қара шаңырақ

ҚазҰУ соңғы жылдары тек білім сапасы мен ғылыми жетістіктеріне байланысты емес, түрлі даулы оқиғаларға байланысты да қоғам назарында болды.

2024 жылы университет студент қыздарының жеке және медициналық деректері тарағаны туралы үлкен жанжал шықты. Әлеуметтік желілерде студенттердің интимдік өміріне қатысты мәліметтер қамтылған құжаттар жарияланып, бұл оқиға қоғамда «Қыздардың пәктігі туралы тізім» деген атпен есте қалды. Сол кезде университет ректор атынан кешірім сұрау және зардап шеккен студенттерге өтемақы төлеу мәселесін қарастыратынын мәлімдеген еді.

Алайда бұл мәселе мұнымен аяқталған жоқ. 2026 жылдың сәуірінде студенттердің жеке және медициналық деректерінің қайта тарағаны туралы ақпарат шықты. Алматы прокуратурасы осы дерек бойынша тексеру бастаған. Демек, студенттердің жеке мәліметтерін қорғау мәселесі университетте қайта көтерілді.

Тағы бір резонанс тудырған мәселе студенттер сарайының аянышты хәлі. 2025 жылы ғимараттың тарихи келбетін өзгертуге байланысты сын айтылып, оның қасбетіндегі ұлутас қаптамасын алып тастау әлеуметтік желілерде наразылық тудырды. Ал 2026 жылдың қыркүйегінде реконструкция кезінде ғимараттың шатыр конструкциясының бір бөлігі түнде құлап сол маңдағы тұрғындардың зәресін алған еді. Университет мұны жоспарлы демонтаж деп түсіндіргенімен, оқиға қала тұрғындары мен қоғамда қайтадан сұрақ туғызды.

Бұған қоса, журналистика факультетінің бірнеше оқытушысының жұмыстан кетуі де университетте дау тудырған еді. Оқытушылардың бір бөлігі кадрлық шешімдерге қатысты наразылық білдірсе, университет басшылығы мұны конкурс пен академиялық талаптармен түсіндірді.

Ал студенттердің өліміне келер болсақ, еске сала кетейік, ҚазҰУ-де студенттердің қаза болуына қатысты қайғылы жағдайлар бұған дейін де тіркелген. Бір жыл бұрын университеттің ректорат ғимаратының 14-қабатынан құлаған студент көз жұмған еді. Ал күні кеше 6 қарашада журналистика факультетінің бірінші курс студенті қаза тапты. Енді араға он күн салып, тағы бір бірінші курс студентінің қайтыс болғаны белгілі болды

Осы оқиғалардың барлығы ҚазҰУ басшылығының қоғаммен байланысы, басқару шешімдерінің ашықтығы және студенттер мен қызметкерлер алдындағы жауапкершілігі туралы мәселені қайта-қайта көтеріп келеді.

Түймебаев қызметінен кете ме?

Әлеуметтік желіде ректор Жансейіт Түймебаев қызметінен кететін уақыты келді деген жазбалар шығып жатыр. Ол университетті 2021 жылдан бері басқарып келеді. Осы жылдар ішінде университет төңірегінде бірнеше рет қоғамдық резонанс тудырған жағдайлар болды. Алайда ректор қоғам алдына шығып, қойылған сауалдарға жауап берген емес.

Студенттердің өліміне қатысты нақты құқықтық бағаны тергеу мен сот береді. Бірақ оқу орнының басшысы ретінде Түймебаев университеттегі қауіпсіздік, тәртіп, студенттерге жағдай жасау және қоғам алдындағы ашықтық мәселелері бойынша жауапкершілік алуы керек.

Жансейіт Түймебаевтың өзі неге журналистер алдына шығып, студенттердің қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарға жауап бермейді? Университеттегі қордаланған мәселелерді шешу үшін қандай нақты жоспар бар? Ал егер басшылық қоғамның сенімін қалпына келтіріп, ашықтықты қамтамасыз ете алмаса, ректордың қызметте қалуы қаншалықты орынды?

Студенттердің қауіпсіздігіне кім жауап береді?

Он күн ішінде екі бірінші курс студентінің қаза табуы – жай ғана қайғылы оқиға емес. Бұл ата-аналарды алаңдатқан, қоғамға ой салған екі трагедия.

Университет студенттердің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етіп отыр? Жатақханаларда тәртіп пен бақылау қалай ұйымдастырылған? Студенттер арасындағы әлімжеттік пен жанжалдардың алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізіледі? Бұған дейін осындай жағдайларға қатысты шағымдар түскен бе?

Бұл сұрақтарға тек полицияның жауабы жеткіліксіз. Университет әкімшілігі де өз құзыреті шегінде нақты түсініктеме беруге тиіс. ҚазҰУ – еліміздегі ең ірі әрі беделді жоғары оқу орындарының бірі. Сондықтан оның басшылығынан қоғам тек ресми мәлімдемелер емес, нақты әрекет пен ашықтық күтеді.

Екі студенттің қазасынан кейін қоғамның алдында тұрған басты сұрақ – тағы бір қайғылы жағдай болмауы үшін университет не істейді? Міне осы сұрақтарға жауап  берудің орнына университет басшылығы тек құрғақ мәлімдемемен шектелуді жөн санады.

Сізге қызық болуы мүмкін