Аккредитация ережесі: журналистер Ақпарат министрлігінің үстінен сотқа шағым түсірді

Аян Өрібай

Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қазақстандық тоғыз журналистің мәдениет және ақпарат министрлігінің «Журналистерді аккредитациялаудың үлгілік ережесін» бекіту туралы жаңа бұйрығының ережелеріне қарсы шағымданған ұжымдық талап арызын қабылдады. Талапкерлер бұл нормативтік құқықтық акт сөз бостандығы мен ақпарат таратудағы конституциялық құқығымызды өрескел бұзады деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Литер

Басты мәселе – аккредиттелген журналистің мемлекеттік органдардан алынған ақпаратты журналисті аккредиттегеннен басқа кез келген БАҚ арқылы таратуына тыйым салатын тармақ болып отыр. Бұл шарт екі рет бұзылса, журналист алты айға дейін аккредитациясынан айырылуы мүмкін. Талапкерлердің пікірінше, бұл талап Қазақстан Республикасы Конституциясының 20, 39-баптарына және ҚР «Масс-медиа туралы» Заңына қайшы келеді, олардың ақпаратты еркін алу мен таратуға конституциялық құқығын шектейді.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры журналистердің мүддесін сотта қорғап, оларға құқықтық қолдау көрсетеді.

«Аккредитациялаудың үлгілік ережесін енгізу «Құқықтық актілер туралы» Заңды бұзу арқылы өтті, атап айтқанда, үлгілік ереженің қолданылу мерзімін «өткен күнмен» қою,  негізі жаңа заңда жауапкершілікті белгілейтін құқықтық актілер ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 60 күн өткенге дейін күшіне енбейтініне назар аударғым келеді. Мемлекет азаматтардың заңды мүлтіксіз сақтауын талап етеді, сондықтан оның органдары заңнаманың процессуалдық  талаптарын елемеуге моральдық та, заңдық та құқығы жоқ», – дейді қор президенті Карла Жаманқұлова.

Ұйымдардың ресми хабарламалары аккредитациясына қарамастан барлық журналистерге беріледі. Осылайша, ақпаратты аккредиттеу туралы өтініш берілген бұқаралық ақпарат құралдарында ғана жариялау туралы талап журналистік қызмет еркіндігін шектеп, ақпаратқа тең қолжетімділік қағидатын бұзуы мүмкін. Бұл шарт мемлекеттік органда аккредитациясы бар және аккредитациясыз журналистердің теңсіздігін тудырады. Оларды әртүрлі БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпаратты еркін тарату мүмкіндігінен айырады. ҚР Конституциясының 20-бабында сөз бостандығына, оның ішінде ақпаратты еркін алу және тарату құқығына кепілдік берілген.

Ұжымдық шағымға қол қоюшылардың бірі, «Власть» интернет-журналы Астана бюросының жетекшісі,Тамара Ваал: «Мемлекет брифингтерде берілген ақпараттың халық арасында мүмкіндігінше кең таралуына мүдделі болуы керек. Ал адамдардың жаңалықтарды алу әдеті әртүрлі біреулер газет оқиды, енді біреулер әлеуметтік желіні қарайды.  Мемлекет ақпарат тарату арналарын шектемей, мүмкіндігінше көп адамға жеткізуді сұрауы керек. Анонимді арналардың қаптаған уақытында кәсіби журналистердің авторлық контентіне шектеу қою – ақымақтық. Әділ сот біздің пайдамызға шешіліп, қоғамға ешқандай практикалық пайда әкелмейтін және кәсіби журналистердің жұмысын қиындататын бұл қисынсыз талап жойылатынына сенімдімін» деді.

Талапкерлер мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен бұйрықтың кейбір тармақтарын заңға қайшы деп танып, оның күшін жоюды талап етеді.