Статистика бюросы барлық ірі орта және шағын кәсіпорындардың 30% іріктеп қоса алғанда, бүкіл ай бойы жұмыс істеген қызметкерлерге есептелген жалақы мөлшері бойынша жыл сайынғы зерттеу нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАНША АДАМ ҚАМТЫЛҒАН
Зерттеу қорытындысы бойынша аталған кәсіпорындардағы жұмысшылар саны 3 млн 437 мың адамды құрады, оның ішінде ерлер 48,3% (1 млн 659,7 мың адам), әйелдер — 51,7% (1 млн 777,3 мың адам). Зерттеуге қосымша төлемдер, сыйақылар, салықты және зейнетақы аударымдарын есепке алынған.
ПАЙЫЗДЫҚ КӨРСЕТКІШ
Қызметкерлердің жалпы санында орташа айлық жалақы алушылар үлесі төмендегідей бөлінген:
қызметкерлердің 6,1% – 100 000 теңгеге дейін алды
12% – 100 001-ден 150 000 теңгеге дейін
35,1% – 150 001-ден 300 000 теңгеге дейін
35,6% – 300001-ден 600 000 теңгеге дейін
6,9% – 600 001-ден 900 000 теңгеге дейін
2,1% – 900 001-ден 1 200 000 теңгеге дейін
1% – 1 200 001-ден 1 500 000 теңгеге дейін
1,2% – 1 500 001-ден жоғары.
МЕДИАНДЫҚ ЖӘНЕ МОДАЛЬДІК ЖАЛАҚЫ
“Зерттеу қорытындысы бойынша 2024 жылы қызметкерлер жалақысының медианалық мәні 285 677 теңгені құрады, өткен жылы қызметкерлердің жартысы жалақы мөлшері тізбегінің орта мәнінен жоғары, ал қалған жартысы төмен алатын медиана мәні 251 356 теңге болған. Қызметкерлердің жалақысының модальді мәні (ең көп таралған жалақы) – 97 557 теңгені құрады. Айта кетейік, 2023 жылы оның мөлшері 81 377 теңге болған. Басшылардың жалақы деңгейі 2023 жылмен салыстырғанда 11,4%-ға өсті. Өндірістік жабдық операторлары, көлік жүргізушілері және құрастырушылардың жалақысы 16%, ал фермерлер мен ауыл, орман және балық шаруашылығы жұмысшыларында 14,3% өскен” делінген Бюро хабарламасында.