«Тергеу қозғалмай тұр»: Ербаян Мұхтардың адвокаты Бас прокуратураға шағым түсірді

Аян Өрібай

Әскерде жараланған Ербаян Мұхтардың адвокаты Инга Иманбай іс бойынша тергеушінің үстінен шағым түсіргенін жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

АДВОКАТ НЕ ДЕЙДІ

– Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеушіге іздеу саламын. Бұл қалжың емес. Өкінішке орай тергеу бойынша жағдай осындай болып тұр. Оқиға болғанына жылға жуық уақыт өткенімен, әлі де тергеу орнынан қозғалмай тұр. Мен іске қорғаушы ретінде кіріскен бесінші айдың ішінде тергеуші Уәлихан Қыдырбай сот медициналық сараптамадан өзге тергеу амалын жасаған жоқ. Оқиға орнынан фото, видео, іс материалдарымен таныстырған жоқ. Іс бойынша туындаған сауалдарға жауап алу үшін хабарлассақ, телефон қоңырауларына жауап бермейді. Сот-медициналық сараптама қорытындысы шықты ма, іс бойынша басқа да мән жайларды білу мүмкін емес. Сондықтан, кеше тергеушінің үстінен ісіне құқықтық баға беріп, қылмыстық істі тергеу қандай сатыда екенінен ақпарат алу үшін Бас прокуратураға шағым түсіруге мәжбүр болдым. Енді жауабын күтеміз, – деп жазды Инга Иманбай.

САРБАЗ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

Ербаян  Мұхтарұлы 22 жаста. Отбасында 4 баланың үлкені. Әскерге өзі сұранып барған. Бірнеше айдан кейін комаға түсіп, ауруханаға жеткізілген. Әскерге кетпес бұрын жас жігіттің дені сау болған, спортпен шұғылданған.

ЕРБАЯННЫҢ ОҚИҒАСЫ

Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызметте жүріп жараланған. Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде былтыр құлап, комаға түскен, биыл сәуірде оянған сарбазды туған-туыстары Астанаға жеткізе алмаған еді. Ulysmedia.kz редакциясына хабарласқан олар президенттен көмек сұрап, үндеу жариялаған. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді.