«Руандаға бармаңдар»: Марбург вирусына байланысты қазақстандықтарға ескерту жасалды

Сырым Қаржас

Көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Марбург вирусының өршуіне байланысты қазақстандықтарды Руандаға бармау керектігін ескертеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) бұл вирустың жоғары қаупі барын айтып, өлімге апарып соқтыратынын хабарлайды, деп жазады Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

АФРИКАҒА САЯСХАТ: ҚАУІП БАР  

Шет елдерге сапарды жоспарламас бұрын табиғаттың сұлулығын ғана емес, денсаулыққа ықтимал қауіптерді де зерттеу маңызды, деп атап өтті ведомство өкілдері. Руанда бірегей флора мен фаунаның, әсіресе сирек кездесетін тау гориллалары мен маймылдардың арқасында туристерге тартымды. Алайда қазіргі эпидемиологиялық жағдай бұл елге сапарлаудың қауіпті екенін көрсетіп отыр.

ҚАУІПТІ ВИРУС: МАРБУРГ ВИРУСЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ  

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова Қазақстанда марбург вирусы тіркелмегенін хабарлады. Аурудың табиғи ошақтары Африканың оңтүстігі, батысы және орталығында кездеседі. Вирус науқаспен қарым-қатынас арқылы, ал бастапқы инфекция жарқанаттар арқылы беріледі. Симптомдарына дене қызуы, бас ауруы, жүрек айнуы және диарея жатады. Оны жұқтырған адам 8-9 күнде өліп кетуі мүмкін.

ӘУЕЖАЙЛАРДА АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ ШАРАЛАРЫ  

Қазақстанның халықаралық әуежайларына келетін жолаушылардың температурасын контактісіз өлшеуді қоса алғанда, санитарлық бақылау жүргізіледі. Марбург вирусының табиғи ошақтары бар елдерге баратын қазақстандықтарға науқастармен байланыстан аулақ болу, гигиена шараларын сақтау және табиғатта өте сақ болу ұсынылады.

АЛҒАШҚЫ БЕЛГІСІ БОЛСА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК  

Марбург вирусының алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Қазір марбург вирусына қарсы вакцина немесе арнайы ем-дом жолы жоқ және емдеу симптоматикалық терапиямен шектеледі.

2022 жылдың шілдесінде Ганада марбург вирусынан екі адам қайтыс болған.

2023 жылдың ақпанында ДДҰ марбург вирусының өршігенін хабарлады.

2024 жылдың 7 қазанынан бастап Денсаулық сақтау министрлігі жаңа қауіпті инфекция – марбург вирусының өршуіне байланысты эпидемиологиялық жағдайды бақылауды күшейтіп жатыр.