«Уақытты кері қайтару». Сот өтінішті қарау нәтижесін заңды деп таныды

Қалижан Бектемір

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, талап қоюшы Л. «Уақытты кері қайтару» петициясын қарау нәтижесін заңсыз деп тану туралы талаппен сотқа жүгініп, онда петицияны қарау мен шешім қабылдауда рәсім бұзылғанын көрсеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Коллаж Ulysmedia

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сот іс құжаттарын зерделеп, төмендегілі анықтаған: 

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) талаптарына сәйкес «Уақытты кері қайтару» петициясы тіркелді. Өтініш 50 мың қолдау дауысын жинап, тіркелген. Өтінішті қарау Сауда және интеграция министрлігіне тапсырылған. Жұмыс тобын қалыптастыру үшін министрлік өтініш берушіге, Қазақстан Республикасының Парламентіне, мүдделі мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестікке жұмыс тобының құрамына енгізу үшін кандидатуралар жіберуді сұрап хаттар жолдаған, – делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, Парламент Мәжілісінің 2024 жылғы 14 маусымдағы хатымен жұмыс тобына қатысу үшін кандидаттар Е.А.Әбіл мен М.А.Әбенов ұсынылған.

Министрдің бұйрығымен петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының құрамы бекітіліп, депутат Е.А.Әбіл жұмыс тобы басшысының орынбасары болып тағайындалған. 

Жұмыс тобының биыл 21 маусымда, 16 шілдеде және 2 тамызда 3 отырысы өткен. 

ТАЛАП ҚОЮШЫНЫҢ ДӘЛЕЛДЕРІ ҚАБЫЛДАНБАДЫ

Алайда 2 тамызда өтінішті қарау нәтижелері бойынша өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған.

Сот талап қоюшының белгіленген тәртіпті бұза отырып, отырыс төрағасы Мәжіліс депутаты Е.А.Әбілдің болғандығы туралы дәлелдерін қабылдамады. Себебі Е.А.Әбіл жұмыс тобы басшысының орынбасары болғаны анықталды.

Комиссия құрамын қалыптастыру кезінде қандай да бір бұзушылықтарға жол берілмеген. 

Сот шағымдалған шешім мен петицияны қарау жөніндегі әрекеттер заңды, мемлекеттік органның құзыреті шегінде жасалған және рәсімдік бұзушылықтар анықталмаған деген қорытындыға келді.

Еске салсақ, бұған дейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр петиция жазған Қазақстан азаматтарының елдегі бірыңғай уақыт белдеуін жою туралы талабына жауап берген болатын.

ЖАҢА УАҚЫТ БЕЛДЕУІ

Қазақстан биыл 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. Үкімет басшысы таяуда Қазақстан аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы қаулыға қол қойған еді. 

Таяуда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бұрынғы уақытты қайтару жөнінде талапқа жауап берді. Оның сөзінше, ұсыныс қайта қаралуы керек. Ал жақында Мәжілістің бір топ депутаты уақыт белдеуіне өзгертуге байланысты үндеу жасап, алдағы уақытта парламенттің жалпы отырысында мәселе көтерілетінін мәлім еткен.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.