Елімізде тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 500 мың теңгеге жетті

Қалижан Бектемір

Қазақстанда жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны орташа есеппен 500 мың теңгеге жеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

ҚАЙ ҚАЛАЛАР КӨШ БАСТАДЫ

31 телеарна мәліметінше, Қазақстанда баспананы сатып алудан бөлек жалға алу бағасы да қымбаттаған. Бірақ бұл жолы баға өсімі әдеттегідей Астана мен Алматыда емес, өңірлерде байқалып отыр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, алғашқы үштікте соңғы 1 айда пәтер жалдау құны бірден 5 пайызға қымбаттаған Өскемен, Қарағанды және Көкшетау қалалары тұр. Соңғы 1 жылдағы ең жоғары өсім Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда тіркелген екен.

Қарағанды, Өскемен, Көкшетау сияқты қалаларда жалдамалы пәтер бағасы өсіп жатыр. Бұл аймақтардағы ірі жобалардың бастаулымен байланысты. Мысалы, Өскемен мен Көкшетау қалаларында жылу электр стансалары салынады, сырттан келген құрылысшылар пәтер жалдайды. Міне, осы жағдай сұраныстың артып, бағаның өсуіне әкеліп отыр. Жалпы елімізде жалдамалы үйлердің қымбаттауы баспана санының аздығына байланысты, – дейді сарапшы. 

ЕСКІ ҮЙЛЕР 5%-ҒА ҚЫМБАТТАҒАН

Тұрғын үйдің сату бағасының өсімі де өңірлерде байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда Ақтөбе, Талдықорған, Қызылорда қалаларында бірініші нарықтағы баспана бағасының біршама өскені байқалады. 

Бірінші нарықтағы баспананың қыркүйектегі құны былтырғымен салыстырғанда 2 пайызға өсті. Ал ескі үйлер 5 пайызға қымбаттаған. Бірақ бұл баспана күрт қымбаттады дегенді білдірмейді. Бұл құбылыс елдегі инфляция көрсеткішіне байланысты, – дейді Қазақстан риелторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко. 

Сарапшылар баспана бағасының көтерілуін құрылыс материалдарының қымбаттауымен де байланыстырады.

Олардың айтуынша, қазір елімізде құрылыста пайдаланылатын құрылыс материалдарының 65% шетелдерден әкелінеді екен. 

Айта кетейік, бұған дейін зейнетақыны ипотекаға жұмсау арқылы қазақстандықтар жинақтарын баспанаға пайдалануды жалғастырып жатқанын жазған едік.