«14 қазанда митинг болмайды». Марқұм Шерзат Болаттың әкесі халыққа үндеу жолдады

Қалижан Бектемір

Талғарда кісі қолынан қаза тапқан марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов пен марқұм Салтанат Нүкенованың бауыры Айтбек Амангелді әлеуметтік желіде халыққа үндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: видеодан скрин

ҚАНТӨГІС БОЛМАЙДЫ

Бейнежазба арқылы халықты тағы да ешқандай митингке шықпауға шақырды.

Қазақ елі, тағы айта кететінім, 14 қазанда ешқандай митинг, қантөгіс болмайды, – деп мәлімдеді олар.

Еске салсақ, Нұрымов бұған дейін де әлеуметтік желі арқылы халықты митингке шықпауға шақырған болатын. 

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. Көп өтпей марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы, құқыққорғаушы Айтбек Амангелді Талғарда өлтірілген бозбаланың отбасына тегін адвокат тауып беретіні хабарланды.

Бұған дейін қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.