Жүрегіне пышақ сұққан: Шымкентте жасөспірімді өлтіруге оқталған күдікті сотталды

Ілияс Бақыт

Жасөспірімге қастандық жасаған сотталушының ісі Шымкент қалалық сотында қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz\ЖИ

ӨЛТІРУГЕ ОҚТАЛҒАН

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында “кәмелетке толмаған баланы өлтіруге оқталу” бабымен айыпталған М.-ға қатысты қылмыстық іс ашық сот отырысында қаралды.

“2024 жылдың маусым айының 29-ы күні, М. Шымкент қаласында алкогольдік ішімдік ішкен масаң күйде болып, өзара бас араздық салдарынан 2010 ж.т. кәмелетке толмаған жәбірленуші А.-ның жүрек тұсы аймағына пышақ сұғып, оның денсаулығына ауыр зиян келтірген. Содан М. жәбірленушінің мойын тұсына екінші рет пышақ ұрмақшы болғанда, жанында болған адамдардың кедергі келтіруіне байланысты, сотталушы өзінің қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізе алмаған”, – деп хабарланды сотта.

Сот тұжырымы жәбірленушінің, куәлардың жауаптарына, сараптама қорытындыларына және басқа іс материалдарына негізделді. 

СОТ ШЕШІМІ

Сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде, жасаған қылмысына өкінуін, асырауында жасөсіпірм балаларының болуы, жәбірленушінің кешірім бергені, моральді және материалды зиянды өтеуі танылған, ал ауырлататын мән-жай ретінде қылмысты алкогольді масаң күйде жасағаны танылған.

Сот айыпталушы М.- ді кінәлі деп танып, оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, жазаны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.