Бүгін түнде магниттік дауыл болады деген болжам жасалды

Қалижан Бектемір

Мамандардың айтуынша, 16 қазанға қараған түні, яғни бүгін магнит дауылы болады деген болжам бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: citytraffic.ru

РБК басылымының жазуынша, Ресей ғылым академиясы Ғарыштық зерттеулер институтының Күн астрономиясы зертханасы магнит дауылы сәрсенбіге қараған түні, түн ортасында басталып, таңғы сағат 6 шамасында басылатынын мәлімдеген. 

Дауыл G1 деңгейінде әлсіз болады. Оның болжамды ықтималдығы 40%-ға тең.

Жердегі магниттік дауылдар қазанның 3 күні басталған болатын. Ол аптаның соңына дейін жалғасты. Екіншісі 2 қазан күні болды. Мамандардың айтуынша, бұл 2024 жылғы екінші қуатты магнит дауылы болды. Кейін мамандар 10 қазан күні күшті магнит дауылы болады деп болжады. Болжам дәл келіп, оның деңгейі G4-ке жетті. Қуатты дауыл бір тәулікке дейін созылып, 11 қазан күні басылды. 

Магнит дауылдары электронды аппараттарға, әсіресе, ғарыш стансасындағы спутниктерге, техникалық құрал-жабдықтарға әсер етеді. Бұл ғарыштық желдің иондаушы сәулелену ағындарын әкелуіне байланысты.

Еске салайық, бұған дейін Жер бетінде алапат магниттік дауыл басталғанын жазған едік. Сондай-ақ ғалымдар бұған дейін 20 жылда болмаған магниттік дауыл келе жатыр деп ескерткен еді.