Сотталып жатқан журналист ұлды болды

Әлихан Асқақ

Лауазымды тұлғаларға қатысты жалған ақпарат таратты деп айыпталған журналист Данияр Әділбеков ұлды болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

дереккөз

Бүгін прокурор Даниярға 5 жыл сұрады. Сотта оның лауазымды тұлғаларға қатысты жалған ақпарат таратқаны туралы бірде-бір дәлел болған жоқ. Бірақ соған қарамастан, олар оны ұзақ отырғызғысы келген сыңайлы. Олар солай болғанын қалайды және солай жасай алады. Бірақ Данияр мойымайды, өйткені бүгін ол ұлды болды – деп жазды Диана Абдуллаева.

Естеріңізге сала кетейік, наурызда қамауға алынған журналист Данияр Әділбековтың соты қоғамның жіті назарында.

Оның істі болуына үш адам: энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов, журналист Гүлжан Ерғалиева және елорда әуежайының инвесторы Юсуш Рашед Альджаудердың арызы себеп болды.

 «Дикая Орда» телеграм-каналындағы анонимді жазбалары үшін журналиске екі бап бойынша айып тағылды. Оның бірі – Қылмыстық кодекстің 419-бабы мұнай трейдері Ерлан Саудагеровтің тапсырысымен энергетика вице-министрі Ерлан Аккенженов туралы көрінеу жалған сөз жеткізу, екіншісі – Гүлжан Ерғалиева мен астаналық әуежайдың топ-менеджері Юсуш Альджаудер туралы көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату (274-бабы) бойынша.

Телеграм-каналында энергетика вице-министрінің коррупциялық схемасынан шаршаған шетелдік инвесторлардың жанайқайы туралы жазған журналист E-otinish арқылы жауапты мекемені вице-министрдің жұмысын тексеруге шақырған. Тергеу мәліметтері бойынша, вице-министрге қатысты айыптау ақпаратын мұнай-трейдері Ерлан Саудагеров тапсырыс арқылы жаздырған. Саудагеров ол ақпараттар ашық дереккөзде тұрғанын алға тартады. Ал Энергетика министрлігі аталған жазба бойынша жүргізілген қызметтік тексеріс нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық қаупі анықталмағанын алға тартты.

Бір қызығы, сотта Ақкенженов Әділбековтің қай сөзінің көпе-көрінеу жалған екенін дәлелдей алмады, жәбірленушінің адвокаты сұраған қағаздарды да ұсынуға құлық танытқан жоқ. Ол Саудагеровті де, Әділбековті де бас бостандығынан айыруды талап етпейтінін жеткізді. Бар болғаны сот арқылы нұқсан келген ар-абыройы мен беделін қорғауға ниетті.

Әділбековті айыптап отырған журналист Гүлжан Ерғалиева оны бас бостандығынан айыруға мүдделі емес екенін айтып, ақырғы шешімді судьяға қалдыратындарын мәлімдеді. Данияр «Дикая Орда» телеграм-каналында Бишімбаевтың адвокатынан сұхбат алғаны үшін Ерғалиева 5-10 млн теңге алғаны жайлы шындыққа жанаспайтын ақпарат жарияланғаны үшін әріптесінен кешірім сұрады. Бишімбаевтың түрмеде айтқан сөзіне сүйенгенін, журналистің ақша алғанына еш дәлелі жоғын мойындады.

Қорғаушысы Даниярдың ісінде қылмыстық құрам жоқ екеніне сенімді. Әріптестері де мәселені азаматтық тәртіпте қарап, шығын мөлшерін белгілеп, сотқа жеткізбей ақпаратты жоққа шығартуға болар еді дейді. Желідегі үш-төрт жазба үшін 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру тым қатыгездік екенін айтады.