Сенат тұрғынүйге қатысты заңды мәжіліске қайтарды. Себебі не?

Әлихан Асқақ

Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

Сенат екі оқылымда қаралған заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, «Отбасы банкі» АҚ-ны ұлттық даму институты етіп қайта құру нормасын қалдырған.

ЗАҢ МАҚСАТЫ

Заңды қарау барысында меншік иесі тұрғын үйді коммуналдық тұрғын үй қорынан алған кезде коммуналдық меншікке берілуі тиіс апатты деп танылған жалғыз баспананы беру жөніндегі норманы нақтылау бөлігінде түзетулер енгізілген.

Заңның мақсаты – тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру. Құжат тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың мынадай шараларын белгілейді: мұқтаждарға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайды немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды беру, тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесі арқылы жеңілдікті ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру, тұрғын үй сертификаттарын беру.

Заң аясында бұрын тапсырылған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды қоса алғанда, жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру құқығы қарастырылады.

«ОТБАСЫ БАНККЕ» ҚАТЫСТЫ

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметінше, Заң бойынша «Отбасы банкі» АҚ-ны ұлттық даму институты етіп қайта құру ескерілген. Бұл ретте «Отбасы банкі» АҚ-ға жергілікті атқарушы органдардың мұқтаждар үшін тұрғынжайды есепке алуды әрі қоюды және бөлуді жүзеге асыру жөніндегі функциялары беріледі. Сондай-ақ «Отбасы банкі» АҚ-ға тұрғын үйге мұқтаждар туралы мәліметтерді қамтитын, басқа да мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасын қалыптастыру, жүргізу, мониторингтеу жөніндегі функциялар бекітіледі.

МИНИСТРЛІКТІҢ ҚҰЗЫРЕТІ

Заңда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің кей құзретін кеңейту көзделген:

- Қазақстан Республикасының тұрғынжайға мұқтаж азаматтарын, қандастарды «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасына есепке қою; 
- тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру; 
- тұрғынжайға мұқтаж адамдарды есепке қою және мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғынжай беру жөніндегі қағидаларды; 
- жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін ақысының бір бөлігін субсидиялау тәртібін (бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша) әзірлеу және бекіту,

НЕ ӨЗГЕРЕДІ

Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары субъектілерінің мүдделерін қорғау мақсатында Заңда тиісті бап енгізілген. Оған сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтары тұрғын үй алу құқығын және өз кезегін сақтайтын бап нақтыланды.

Оған сәйкес мыналар:

- жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар кәмелетке толғаннан кейін; 
- мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар балалары кәмелетке толғаннан кейін; 
- «Алтын алқамен», «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар балалары кәмелетке толғаннан кейін; 
- толық емес отбасылар балалары кәмелетке толғаннан кейін; 
- ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұруға келген, Қазақстан азаматтығын алған қандастар; 
- жесір әйелдер балалары кәмелетке толғаннан кейін тұрғынжайға мұқтаждар есебінен шығарылуға жатпайды.

КЕЗЕК ҚАЛАЙ ЖҮРЕДІ

Жергілікті атқарушы органдар баспанаға мұқтаждар есебінде тұрған Қазақстан азаматтары, қандастар туралы мәліметтерді тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне беруге міндетті екенін ескере отырып, Заңның жекелеген нормалары ол алғаш ресми жарияланған күннен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі, – делінген Сенат ақпаратында.

Мұнымен қоса, баспанаға мұқтаждардың кезегін жүргізу тетігі жетілдіріледі. Мәселен, мемлекеттік қолдау шаралары кіріс деңгейіне және тұрғынжайға мұқтаждар есебіне қойылған күніне қарай іске асырылады.