Бүгін Сағи Әшімов дүниеден өткен күн. Ұлы жан тебірентер жазба жариялады

Әлихан Асқақ

Бүгін танымал актер Сағи Әшімовтің өмірден өткен күні. Ол 1999 жылы 18 қазанда дүниеден өткен еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

дереккөз

Осыған орай Сағи Әшімовтің ұлы Аңсар Сағиұлының жан тебірентер жазбасын ұсынуды жөн көрдік.

Менің есімім – Аңсар Сағиұлы. Менің бақытым – Сағи сияқты әкем, Асанәлі сияқты атамның болуында. Әкесіз өстім. «Әкең іссапарға кеткен» деген жауап естіп өстік Майра екеуміз, есейе бастағанымызда, бізді зират басына апарып, құран оқуға қатыстыра бастады, сонда ғана әкеміздің келмеске кеткеніне көз жеткіздік, үміт үзілді, сенім өлді. Әкеміздің қайтып келуінің өзін күту бақыт еді, Майра екеуміздің көкірегімізде бір бақытсыздық пайда болды... – дейді Асанәлі Әшімовтің немересі.

Ол бақыттың қадірін білуге шақырады.

Әкесі барлар қандай бақытты!... Тек соны бағалай білсе ғой? Бақыттан айырылу – күрес сияқты екен, ішкі дүниең арпалысып жатса да, сыртқа шығарып, сыр білдірмеуге тырысасың, мен өзімнен гөрі әкемді көбірек ойлаймын, ол кісі өзін бақытты сезінді ме екен?.. әлде?.. меніңше, ол – бақытты, оның өнері халық есінде мәңгілік сақталады – дейді ол әкесі жайлы.

Аңсар Сағиұлы өзін әкесіз өмір ерте есейткенін айтты.

Әкесіз өмір мені ертерек есейткен сияқты, өзіме деген сенім күннен күнге арта түсті, қазір көкірегімде бір жеңілдік бар, ішкі әлемімнің тас болып қатып қалмайтынына қуанамын, аяған адамдарды жақтырмаймын, әкем туралы әңгіме қозғалса немесе түс көре қалсам, көзіме қалай жас келгенін байқамай қаламын, өскенде, әрине, жыламайтын боламын. Әзірге көз жасым шықса, әкеммен тілдескендей жеңілдеп қалам, үлкендер: «Аллаға да жақсы адам керек», – деп жатады ғой, менің әкем Алланың сүйікті құлы болған соң, еретерек кеткен шығар... әкем Сағи қысқа ғұмырының өзінде көп іс тындырды, ал атама Алла ұзақ өмір берсе екен деп тілеймін, ол біздің тегіміздің атын шығарып, аспандатқан тұлға, бізге – тірек, әрі өмір ұстазы, екі бірдей ұлынан айырылу атама оңай болған жоқ. Енді біз оған тірек болуымыз керек – дейді әйгілі актердің ұлы.

Ол болашақта кім болғысы келетінін айтады.

Достарым: «Атаң мен әкеңдей әртіс болатын шығарсың», – дейді, мүмкін, атаммен қоса, әкемнің де өнерге үлкен үлес қосқанын әрқашан мақтан тұтам, бәлкім, режиссер болатын шығармын. Ең үлкен арманым – жақсы адам болу, әкемнің алдындағы міндетім – сабағымды жақсы оқу, анамды тыңдау, атамды ренжітпеу! – дейді Аңсар.

САҒИ ӘШІМОВ

Сағи Асанәліұлы Әшімов (18 шілде 1961, Алматы қаласы – 18 қазан 1999, Алматы) – актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлық иегері.

Алматы театр және кино институтын бітірген (1983).

Кинодағы ең алғашқы рөлі – “өз дәніңді өсір” фильміндегі Қалам (1978).
“Мазасыз балалардағы” Әкім (1980)
“Ойлануға бір айдағы” Арыстан (1981),[1]
“Қаралы сұлудағы” қызметші (1982)
“Айсұлу жайлы аңыздағы” Тәуекел хан (1990)
4 сериялы “Шоқан Уәлиханов” телефильміндегі (1982-1984) Шоқан
Қазақтың тұңғыш көпсериялы “Тоғысқан тағыдырлар” телефильміндегі Темір Сабыровтың рөлдерін сомдаған.