Қазақстан фермерлері президентке үндеу жолдады

Ғалиасқар Думан

Қазақстан фермерлер қауымдастығы үкіметтің ауыл шаруашылығы кешеніне қатысты қабылдаған шараларына байланысты президентке үндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

КІМДЕР БАР

Үндеуге құрамына 60 мың фермер енетін фермерлер қауымдастығы, 15 мың мүшесі бар Егін өсірушілер одағы, 150 ірі қожалықтың басын қосып отырған Картоп өсірушілер одағы, Жамбыл облысы Қылша өсіретіндер қауымдастығы қосылып, президентке аграрлық салада қол жеткізген табыстар туралы баяндаған.

“Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Барлық қазақстандық аграршылардың атынан
Ауыл шаруашылығына бұрын-соңды болмаған қолдау көрсеткеніңіз және ісімізге назар аударғаныңыз үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Нәтижесінде біз егістіктерде өнімділіктің арқанын көріп отырмыз.
Биыл Қазақстан 26 миллион тоннадан астам астық бастырды. Орташа өнімділік шамамен он алты центнерді құраса, кейбір алқаптарда гектарына қырық-елу центнер жиналды. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жақсы нәтиже!
Бірақ сіздің үлкен қолдауыңыз бен тұрақты назарыңыз болмаса, біз мұндай нәтижелерге қол жеткізе алмас едік” делінген үндеуде.

ЛИЗИНГ

Фермерлер өнімді өңдеу мен өткізуді дамыту мәселелерінде ерекше қолдауды сезініп отырғанын атап өтіп,  аграрлық секторды жеңілдетілген қаржыландыру айтарлықтай ұлғайғаны өздеріне үлкен көмек болғанын жеткізген.

“Лизингтің қолайлы жағдайларының арқасында техниканы жаңарту ауыл тұрғындары үшін әлдеқайда қолжетімді бола түсті.
Тек осы жылдың өзінде 20 мыңнан астам жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Уақытылы несие беру бізге егін және егін жинау жұмыстарына қажетті ресурстарды тез алуға мүмкіндік берді.
Біз үшін жасалған барлық жағдай жұмысты бірнеше қадам алға жоспарлауға мүмкіндік береді. Әсіресе, биылғы желтоқсан айынан бастап келесі егін үшін алғашқы қаражатты ала алатынымыз қуантады. Сіздің бұл шешіміңізді еліміздің әрбір фермері қуана қабылдады.
Қазір еліміз үшін көп жұмыс істеу және халықтың жалпы әл-ауқатын арттыру үшін барынша еңбектеніп, бірге дамитын уақыт келді.
Ауыл шаруашылығында 1,2 млн-ға жуық азамат жұмыс істейді, ал олардың отбасыларын ескерсек, 4 млн-нан астам қазақстандық аграрлық саладағы істердің жағдайына тікелей байланысты болып шығады. Біздің жұмысымыздың нәтижелері – бұл әркімнің үстелінде нан, сүт, ет, көкөністер, жемістер және басқа да тағамдардың болуымен көрінеді” дейді фермерлер.

Үндеуде қазақстандық өнімдер елден тыс жерлерде де жоғары бағаланатынын, бұған қол жеткізуде мемлекеттің көмек тиімді әсер еткені атап өтілген.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіздің қолдауыңызды
бүкіл фермерлер қауымдастығы сезінеді!
Барлық қазақстандық аграршылардың атынан тағы да ауыл тұрғындарына назар аударып, көмек көрсетіп жатқаныңызға алғыс айтамыз. Біз өз тарапымыздан отандастарымыздың сапалы өнім алуға деген сенімі мен үмітін ақтауға және қойылған міндеттерді жоғары деңгейде іске асыруға бар күшімізді салуға дайынбыз.” делінген фермерлер үндеуінде.

СУБСИДИЯ

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстандағы аграршылар субсидия түрінде 114 млрд теңгеден астам қаражат алғаны белгілі болған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елде 270 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тіркелген. Бұған дейін үкімет басшысы Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы субсидияларының бөлінуін бақылау туралы айтқан болатын.