Қарағанды облысы Қарқаралы қаласында әкімдік жөндеп береміз деп уәде еткен үйдегі 10 балалы отбасы күздің қара суығында дірдек қағып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы журналист Ақбөпе Тәңірберген фейсбук парақшасында жазды.
МӘН-ЖАЙЫ
Журналистің айтуынша, осыдан 6 жыл бұрын аудан орталығындағы арзан үйлерді әкімдік сатып алып, жетім-жесір, көпбалалы отбасыларға төменгі бағамен арендаға берген. Сондай баспаналардың бірі – Рей көшесіндегі үй құлағалы тұр. Жеке-меншік баспана болмағандықтан тұрғындары артық ештеңе істей алмайды.
“Тұрғыны Төлеутаева Кенжетай техникалық тексеріс шақыртанда – "Тұруға жарамсыз, апаттық жағдайда, күреп тастау керек" деп шешім шығарып беріпті.
Ол қағазды алып аудандық әкімдіктің ЖКХ бөліміне барса, басшысы – "Бізді келеңсіз жағдайға қалдырмаңыз, ана қағазды күрделі жөндеу жасау керек деп өзгерттіріп әкелсеңіз", – деген. "Биыл үйіңнің сыртын жөндеп береміз, ішін келесі жылы көреміз", – дегеніне сеніп тұрғын барып, қайта қағаз әкеліпті.
1 400 000 теңгеге байқау жариялапты. Енді, ондай соммаға ешкім шықпай жатқан көрінеді. "Ақшасын кез-келген компанияға ұтқызып берейік, өздерің жасап алыңдар" – деп отырған көрінеді. Көпбалалы ананың айтуынша. Олай бола ма?.
Қарқаралы аудандық Тұрғын үй құрылысы бөлімінің басшысы ойынан байқау құрап, оны өткізіп, кейін жөндеуді өзің жаса деп, құлайын деп тұрған үйді жөндеуміз деп, онда да уәдесінде тұрмаса көп балалы ана шырылдап қайда баруы керек? Тағы қыста қабырғасы құлап, балалар үйіндінің астында қалса ғана қозғала ма? Түсінбеймін, дейді журналист.
Ақбөпе Тәңірберген жазбасының соңында мәселені Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов назарына алса деген тілек білдірген.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов әлеуметтік желідегі парақшасында қаладағы ең ұзын көше жөндеуден өткенін сүйіншілей жазып, тұрғындар енді ұрыспайтынына қуанатынын жеткізген ол көпшіліктің күлкісіне қалған.