Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар қанша жәрдемақы алады

Қалижан Бектемір

Қазақстандықтарға мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде шамамен 516,7 млрд теңге төленген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Иллюстрациялық фото

ЕҢБЕК МИНИСТРЛІГІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

«Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен 457,1 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 59,6 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды, – делінген министрлік ақпаратында.

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 541,2 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша шамамен 157,9 мың адамды құрайды.

ЖӘРДЕМАҚЫ МӨЛШЕРІ 7%-ҒА ӨСТІ

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 7%-ға өсті. ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 7%-ға артқан.

Биылғы жылы 1 қаңтардан бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері мынадай:

1-топ үшін –  95 496 теңге;

2-топ үшін – 76 397 теңге;

3-топ үшін – 52 089 теңгені құрайды.

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 58 849 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 62 763 теңгені құрайды.

Еске салсақ, бұған дейін көпбалалы отбасыларға 474,8 млрд теңге берілетінін жазған болатынбыз.