«Экстремизмді қаржыландырды, тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деп айыпталып 7 жылға бас бостандығынан айырылған Думан Мұхаммедкәрім құқығы бұзылып жатқанын айтып түрмеден хат жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Журналистің әкесі Алмаз Тілеповтың Ұлыс тілшісіне айтуынша, Думан Мұхамметкәрімді екінші сатыдағы апелляциялық сотта іспен танысу үшін Талдықорғаннан Қонаев қаласына алып келген. Алайда іспен танысайын десе берілген видеолар іске алғысыз болып шыққан.
– Сөздері жөнді естілмейді. Адамдардың түрлері көрінбейді. Түрлері қарайып қалған. Қай сот екені белгісіз. Думанды өтірік жаламен қамағанның өзінде сотта өткен нәрселерді жоғалтып, бұлар одан сайын бассыздыққа барып отыр. Білмеймін, бұл түрлерімен бұлар қайда баратынын. Думанды қолдаған белсенділердің түгелін қамап бітірді. 12 белсендіні қамады, олардың үстінен де қылмыстық іс қозғады. Жаңа Қазақстанның сиқы осындай болып тұр, – дейді Алмас Тілепов.
АДВОКАТ НЕ ДЕЙДІ
Журналистің әкесінің сөзін адвокат Ғалым Нұрпейісов те растады.
Оның сөзінше, екінші сатыдағы апелляциялық сот онлайн өтпек болған. Алайда байланыстың нашарлығына шағым түсіргеннен кейін ғана журналисті Талдықорғаннан Қонаев қаласына әкелген.
Ғалым Нұрпейісов те Думанға үкім шыққан сот отырысының материалдары түсініксіз екенін атап өтті. Оның сөзінше, видеоның дауысы бейнеден 2-3 минутқа қалып шығады, мән-жайды түсіну қиын.
Құқықорғаушы сот осы жолы да істі ашық қарау туралы өтінішті қанағаттандырмағанына, Думанның денсаулығына байланысты тиісті ем-дом көрсетілмей отырғанына шағымданды.
– Думанның денсаулығы нашар. Бүйрегі ауырып жатыр. Оған ауруханаға жатып кәдімгідей ем алу керек. Бұл өтінішімізді орындамай отыр. Дәрігерлер қарап, ауырсынуды басатын дәрі салып, бәрі дұрыс деп кетеді, – дейді адвокат.
ДУМАННЫҢ ХАТЫ
Түрмеден жазған хатында Думан Мұхаммедкәрім «бірінші сотты жабық қылып, ашық айқаста алысу құқығымнан айырды, енді міне екінші сатыдағы апелляциялық сот отырысын да Заңға қайшы жабық қылып тастадыңыздар» деп шағымданады,
– Тағы бір жабық сотпен қорғану құқығынан айырғандарыңыз аздай, енді мені іспен таныстырмай жатқандарыңыз тіпті ұят. Кеше 21.10.2024 ж күні Алматы облыстық соты мені тағы мазақ қылды. Сырылған, аудиосы мен видеосы сәйкес келмейтін дұрыс естілмейтін және датасы быт-шыт шатасқан бес дискіні алдыма тастады. Мен алғашқы инстанцияның видео материалымен мүлде дұрыс таныса алмадым. Сондай ақ облыстық соттың хатшысы (өзін Саян деп таныстырған) қосымша үш томдық істің маған көшірмесі берілмейтінін айтты, – дейді ол.
Журналист іспен дұрыстап таныстыруды, іс материалдарының көшірмесін қолына беруді сұрап, өйтпеген жағдайда «соттамай-ақ ата салыңыздар, әйтпесе мына цирктеріңізден мен өзім ұялып біттім» деп мәлімдеген.