Жұманғарин уақытты ауыстыру туралы: электр энергиясын шамадан тыс тұтыну расталмады

Ғалиасқар Думан

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин уақыт белдеуінің өзгеруі қазақстандықтардың денсаулығына әсер етеді әрі электр энергиясын шамадан тыс тұтынуға алып келеді деген уәж расталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Коллаж Ulysmedia.kz

«РЕФЕРЕНДУМ ӘРДАЙЫМ КЕРЕК ЕМЕС»

Жұманғариннің айтуынша, шешім қабылдаудың белгілі бір ережесі бар.

«Үкімет қандай да бір шешім қабылдағанда, ол үшін міндетті түрде референдум өткізудің қажеті жоқ. Алқалық шешім бар. Бұл жағдайда (уақытты артақ жылжыту – ред) шешім қабылдағанға дейін қажетті зерттеулер жүргізілген. Шешім белгіленген тәртіпке сай қабылданды» – деді вице-премьер.

Ол сондай-ақ регламент аясында петиция келіп түскені, ол қаралып, қабылданбағанын атап өтті.

ШАҒЫМДАР

Серік Жұманғарин азаматтардың уақыт белдеуін ауыстыруға қатысты шағымдары туралы айта келе, кез келген шешімге қарсы шығушылар мен қолдаушылар болатынын айтты.

«Қысқа мерзімді перспективада қарастырғанда олардың айтқандарының көбі расталмады. Денсаулыққа зиян келетіні туралы уәж керісінше болып шықты. Екіншіден, электр энергиясын шамадан тыс тұтыну да расталмады. Ерте тұрып, ерте ұйықтауға тура келеді деген де уәж бар. Бірақ бұл субъективті санаттағы нәрсе» – деді ол.

Жұмағарин қазақстандықтардың шағымдары ұзақ мерзімді перспективада зерттелетінін атап өтті.

ЖАҢА УАҚЫТ БЕЛДЕУІ

Қазақстан биыл 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. Алайда бұл барлық тұрғынға бірдей қолайлы болмай шықты. Қазақстандықтар тіпті уақытты кері қайтару туралы петиция жариялап, оған қысқа уақытта 50 мың қол жиналған.

Бірақ үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің дұрыстығын қайталаудан танбай келеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, қолданыстағы UTC + 5 сағаттық белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігіндегі табиғи күн циклдеріне сәйкес келеді.

«Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми деректері мен ұсыныстарымен расталған. Болашақта қолданыстағы уақыт белдеуі азаматтарымыздың денсаулығына оң әсерін тигізеді. Себебі олардың биологиялық ырғақтары күн мен түннің табиғи циклімен үйлесімде болады. Ғалымдардың пікірінше, бұл белдеуге үйрену үшін белгілі бір уақыт керек. Бірыңғай уақыт белдеуіне өткенімізге бес ай ғана болды. Ғалымдар қауымдастығы оның халық денсаулығына әсері жайында ұйғарым шығаруға немесе баға беруге әлі ерте деп отыр. Уақыт керек. Жұмыс тобы Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктеріне алдағы үш жылда бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына әсерін зерттеуді ұсынды» – дейді министр.