Депутат ТЖМ жұмысын -5 деп бағалады

Әлихан Асқақ

Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

ТЖМ-ның тақырыптық отырысында министр Шыңғыс Әрінов баяндама жасады. Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Ажар Сағандықова министрліктің жұмысын -5 деп бағалайтынын айтып, атқарылған істерге көңілі толмайтынын жеткізді.

Кез келген мемлекеттік органға баға беретінімізді еске салайын. Мен сіздің министрлігіңізге 0-ден 5-ке дейінгі емес, -5-тен 0-ге дейінгі межемен алып, "минус бес" деп баға бергім келіп тұр. Өрттен қаза тапқан адамдардың және қызметкерлердің саны азаймайынша министрлік 0-ге жұмыс істеп жатыр деп біліңіз. Сіздердің міндеттеріңіз – адам өмірінің қауіпсіздігін сақтау екенін ескеріңіздер, – деді депутат.

Төтенше жағдайлар министрі өзіне қойылған бағаны қабылдағанын айтты.

Бірақ мен туралы айтпағанда, вице-министрден бастап, қатардағы жауынгерге дейін, біздің қызметкерлер, әскери қызметшілер күндіз-түні өз міндеттерін орындайды. Менің ойымша, олар міндетін толық орындап жатыр. Біздегі мәселелерге қарамастан, 30 жылдық жүйеге қарамастан, олар осы майданда жеңіске жетіп жатыр, әлі де нәтиже береді. Барлық қиындыққа қарамастан, біз бәрібір нәтиже беріп жатырмыз. Мен мұны жігіттердің, адал қызмет ететін жауынгерлердің жеңісі деп санаймын. Сондықтан мереке қарсаңында оларға мұндай баға алу жағымды болады деп ойлаймын, – деп жауап берді министр.

БҰҒАН ДЕЙІН

Депутат мұндай бағаны құтқарушылардың қазасына байланысты берген болуы мүмкін.

Жуырда Қарағандыдағы дала өртінде бір құтқарушы қаза тауып, үш құтқарушы ауруханаға түскен болатын. Осыған байланысты ТЖМ мәлімдеме жасады.

2023 жылдың маусымында Абай облысының Батпаев орман шаруашылығы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында» орман өртеніп, өрт сөндіре жұмсытары кезінде 14 ораншы қаза тапқан. Биыл мамырда өртке кінәлілер сотталған.

Семейдегі өрт орман шаруашылығы саласындағы біраз мәселенің бетін ашқан. Осы жағдайдан кейін үкімет орманшылардың жалақысын арттыруға уәде берген. Алайда айтылған сөз сол жерде қалған.