Ресейдегі оба таралу күдігі: Қазақстанға қауіп бар ма?

ЖИ/Ulysmedia

Ресейде обаға қарсы институт қызметкерінің қазасынан кейін індет таралу қаупі күшеюіне байланысты Қазақстан шекарасында санитариялық бақылау күшейтілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстанға қауіп бар ма?

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, шекарадағы барлық өткізу бекетінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр. Дене қызуы көтерілген немесе ауру белгілері байқалған жолаушылар анықталмаған.

– Инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен деңгейде қалып отыр. Ресми ақпарат түскен сайын жағдайға берілетін баға мен қабылданып жатқан шаралар нақтыланады, – делінген ведомство хабарламасында.

Денсаулық сақтау министрлігі шетелден сапарлап келген қазақстандықтарға ауру белгілері байқалған жағдайда дәрігерге қаралып, қай жерлерде болғанын хабарлауды ұсынады.

Иркутскідегі оқиға

2 қазанға қараған түні Ресейде Иркутск обаға қарсы институтының қызметкері, 28 жастағы Дарья Шипилова Шелехов аудандық ауруханасында қайтыс болды.

Бұған дейін БАҚ-та оның 25 қыркүйекте зертханада өкпе обасының қоздырғышы бар сынауық сынып кеткеннен кейін індет жұқтыруы мүмкін деген нұсқа тараған. Алайда бұл болжам ресми түрде расталған жоқ.

Медицина мамандары марқұммен байланыста болған 197 адамды бақылауға алды, олардың 189-ы ауруханаға жатқызылды. Биліктің мәліметінше, олардан ауру белгілері анықталмаған, жүргізілген талдаулардың нәтижесі де теріс болған.

Алайда «Известия» басылымы дереккөзге сілтеме жасап, ауруханаға жатқызылғандардың кейбірінен жекелеген белгілер байқалғанын хабарлады.

Науқас қайтыс болғаннан кейін Шелехов ауруханасы карантин режиміне көшірілді. Иркутскіге Ресейдің тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адам әл-ауқатын бақылау жөніндегі федералдық қызметінің басшысы Анна Попова барды.

Бұл оба ма?

Әзірге нақты диагноз қойылған жоқ. 4 қазан, жексенбі күні Роспотребнадзор Иркутск облысындағы жағдай тұрақты екенін және оба дерегі анықталмағанын мәлімдеді. Ведомство өлім себебін этиологиясы анықталмаған пневмония деп атады.

Бұған дейін Бурятия басшысы Алексей Цыденов өлімге оба себеп болуы мүмкін екенін айтқан еді. Кейін ол бұл тұжырымын өзгертті.

Ал обаға қарсы институт жағдайға қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Ulysmedia.kz Иркутск облысындағы жағдайды егжей-тегжейлі жазған.

Бұл оқиғаға дейін Ресейде адам арасында оба жұқтырудың соңғы дерегі 2016 жылы Алтай Республикасында тіркелген. Ол кезде суырмен байланыста болған 10 жастағы бала ауырған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалды.

Өкпе обасы тез өршиді. Алайда ауру ерте анықталған жағдайда оны антибиотиктермен емдеуге болады.