«Медеуде» 98 шаршы метр болатын алып ту көкке көтерілді

Қалижан Бектемір

Алматыдағы «Медеу» спорт кешенінде Республика күнін мерекелеу шеңберінде Мемлекеттік Туды көтеру және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау салтанатты рәсімі өтті. Оған Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес пен ҚХА мүшелері, ҮЕҰ өкілдері мен жастар қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz

Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Рахымжанұлы Республика күні аясында Алматыда көптеген іс-шара ұйымдастырылып жатқанын, бүгінгі рәсім мемлекеттің бірлігі мен тәуелсіздігін, сондай-ақ оның тұрақты даму мен өркендеуге деген ұмтылысын білдіретінін айтты.

– Медеу шатқалының маңайында «Менің туым – менің гимнім» атты патриоттық іс-шара өткізіп жатырмыз. Бұл дәстүрлі шараға айналды. Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі мен тәуелсіздігінің маңыздылығын атап өту, отансүйгіштік сезімін, азаматтардың өз елінің дәстүрлеріне, тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығы мен құрметін нығайту. Бүгін мемлекеттік туымызды аспанға желбіретіп, мемлекеттік гимнімізді шырқаймыз. Артынша өнер адамдарының қатысуымен патриоттық әндерден концерт өтеді. Жалпы Республика күніне үш жылдан бері қайтадан ұлттық мереке маңызы беріліп, ұлттық деңгейде атап өтіліп келеді. Бұл күн тәуелсіздігімізге жасалған алғашқы қадам ретінде құнды, қастерлі, – деді Айдар Рахымжанұлы.

 

Іс-шараның ресми бөлігінде әскери оркестрдің сүйемелдеуімен мемлекеттік Ту көтеріліп, әнұран ойнады. Мемлекеттік тудың ауданы 98 шаршы метр болса, тұғырының биіктігі – 40 метр.

Бүгін сондай-ақ Алматыда мерекеге орай дрондар шоуы өтеді. Сағат 21:00-де Абай алаңында, ал 21:30-да «Астана» алаңында 500-ден астам дрон синхронды түрде көкке көтеріліп, ұлттық мәдениет элементтері мен ел тарихындағы маңызды сәттерді бейнелейтін 3D бейнелер жасайды. Жарық қондырғылары музыкалық шығармалармен сүйемелденеді, бұл ұлттық бірлік пен мақтаныш рухын айшықтайды. 

Бұған қоса, сағат 20:00-де Республика күніне орай «Көктөбе» телемұнарасында мерекелік сәулеттік жарықтандыру қосылады. Айта кетсек, телемұнараның жарықтандыру жүйесі 30 тамызда іске қосылып, Алматының маңызды нысандарының бірі ретінде жаңартылған.

Республика күні-еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін алуды бейнелейтін ұлттық мереке. Бұл күн терең тарихи және саяси мәнге ие, өйткені 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданды – бұл 1991 жылы жарияланған Тәуелсіздікке алғашқы қадам болған маңызды құжат.