Грузиядағы сайлау: экс-президент Саакашвили грузин халқын шеруге шақырды

Сырым Қаржас

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили парламентке бойкот жариялап, отандастарын наразылық шеруге шығуға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Қамаудағы саясаткердің отандастарына жолдаған үндеуі Facebook-тегі парақшасында жарияланды.

«Грузин халқы! Қазір бізді алдап кетті деп ренжіп, салымыз суға кетер сәт емес! Қазір біз үлкен қарсылық акцияларын ұйымдастырып, күллі әлемге әділеттілік пен бостандық үшін күресетінімізді көрсететін сәт. Уақыт өте аз!», деп жазды Саакашвили.

Сайлау нәтижелерімен келіспейтін және «Грузин арманын» ауқымды алаяқтық жасады деп айыптаған оппозициялық партиялар депутаттық мандат пен мемлекеттік қаржыландырудан бас тартып жатыр.

Сондай-ақ президент Зурабишвили де сайлау нәтижелерін мойындаудан бас тартты. Бұл туралы ол оппозициялық партия жетекшілерімен өткен брифингте айтты.

Оның айтуынша, «толық әділетсіздік» белең алған. Ол аз уақытта парламенттік сайлау нәтижелері туралы алғашқы мәлімдемесін жасайтынын жеткізді.

«Мен бұл сайлауды мойындамаймын. Бұл сайлауды өтті деп тануға болмайды. Мұны мойындау – Ресейдің келуін мойындау», – деді ол.

Ескерте кету керек, Грузия – унитарлы парламенттік республика.

Бұған дейін Грузиядағы сайлауда «Грузин арманы» партиясы 52,98% дауыспен көш бастағанын жаздық.

Көп ұзамай Грузия оппозициясы сайлау нәтижесін мойындамай, митингке шығатынын мәлімдеді.