Қазан айының басынан бастап Қазақстанда жатыр мойны обырының негізгі себебі болып саналатын адам папилломавирусына (АПВ) қарсы қыздарды жаппай вакцинациялау жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ВАКЦИНА КІМДЕРГЕ САЛЫНДЫ
Иммунизация 11 жастағы қыздар арасында жүргізілуде, сондай-ақ 12-13 жас аралығындағы қыздарға қосымша вакцинация жүргізіледі.
ЕКПЕ АЛҒАНДАР САНЫ
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта ел бойынша 54,5 мыңнан астам қыз бала АПВ-ға қарсы вакцина алды. Түркістан облысы вакцинация бойынша көш бастап тұр: мұнда 11,1 мыңнан астам қыз балаға екпе салынды. Шымкентте 5,3 мыңнан астам мектеп оқушысы, Қарағанды облысында 4,3 мыңнан астам, Жамбыл облысында 4 мыңнан астам, Астанада 3,7 мыңнан астам қыз бала вакцина алды. Денсаулық сақтау министрлігі вакцинациядан кейін жағымсыз реакциялар тіркелмегенін атап өтті.
АТА-АНАЛАР НЕ ДЕЙДІ
Вакцинация мектептердегі медициналық кабинеттерде ата-аналардың міндетті ақпараттандырылған келісімімен жүргізіледі. Ата-аналардың қалауымен екпені тіркелген емханаларда да алуға болады. Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары АПВ-ға қарсы вакцинация жатыр мойны және басқа да онкологиялық аурулардың тиімді алдын алу шарасы екенін айтады.
ЖАТЫР МОЙНЫ ОБЫРЫ
Қазақстанда жатыр мойны обыры – әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орын алатын қатерлі ісік түрі және бала туу жасындағы әйелдер арасында (25-44 жас) сүт безі обырынан кейінгі екінші жиі өлім себебі болып саналады.