Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің кітапханасы қазақстандық олигарх Берік Қаниевтің әкесі Сералы Қаниевтің есімімен аталатын болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
ҚазҰҚПУ-да жаңартылған кітапхананың ашылғаны туралы университеттің өзі хабарлады және кітапханаға Сералы Қаниевтің есімі берілгені белгілі болды.
ДЕРЕКТЕР
Ғаламторда Сералы Қаниев туралы мәлімет жоқтың қасы. Бірақ университет ақпаратына сүйенсек, ол аталған оқу орнында қызмет еткен «көрнекті ұстаз», ғалым.
«КСРО-ның жоғары оқу орындарының үздігі, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагері 40 жылға жуық Қазақ қыздар педагогикалық институтында еңбек етіп, мыңдаған студенттерді тәрбиелеп шығарды», делінген хабарламада.
ОЛИГАРХТЫҢ ӘКЕСІ
Сералы Қаниев олигарх Берік Қаниевтің әкесі екені белгілі. Кәсіпкер Forbes нұсқасы бойынша ең ықпалды бизнесмендер тізімінде 29-шы, ал Қазақстанның ең дәулеттілер тізімінде 73-ші орында. Бизнес журналының бағалауы бойынша, Қаниевтің байлығы 64 миллион долларды құрайды.
БЕРІК ҚАНИЕВ КІМ
Қаниев «Er Sai Caspian Contractor» мұнай сервистік компаниясы, «Ерсай теңіз порты» ЖШС, «Жандиг-С» ЖШС және басқалары кіретін Lancaster Group-тің, Quantum STEM School желісі (BI-мен бірлескен жоба), Abdi Ibrahim Global Pharm (түркиялық Abdi Ibrahim-мен бірлескен) компаниясының акционері және директорлар кеңесінің төрағасы.
Кәсіпкердің «Жалтырбұлақ» АҚ, «Маунтин Бриз» ЖШС (қонақ үй қызметтері) және «Жас Қыран» балалар мен жасөспірімдер футбол орталығында да үлесі бар.