Құтқарушылар ашық далада адасып кеткен жасөспірімді тапты

Сырым Қаржас

15 жастағы жасөспірімнің жоғалып кетуіне байланысты Қостанай облысында шұғыл қолға алынған іздестіру-құтқару операциясы сәтті аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

ҚАЛАЙ БОЛҒАН

2 қараша күні таңертең Әулиекөл ауданының Первомайское ауылында 15 жастағы жасөспірім атпен мал бағып жүрген жерінен жоғалып кеткен.

Сағат 16:00 шамасында ол ата-анасымен байланысқа шығып, телефонынының қуаты таусылғалы тұрғанын хабарлап үлгерген. Содан кейін онымен байланыс үзіліпті.

ІЗДЕУ ОПЕРАЦИЯСЫ

Баланың жоғалғаны туралы хабарлама түскен сәтте, іздестіруге ТЖМ құтқарушылары, полиция қызметкерлері, ЖАО өкілдері, сондай-ақ туысқандары жұмылдырылды.

Іздестіру тобының үйлесімді жұмысының арқасында жасөспірім бүгін, 3 қараша күні таңертең Шолақтерек қыстағынан табылды. Ол медициналық көмекті қажет етпеді.

ЕСІҢІЗДЕ САҚТАҢЫЗ!

ТЖМ мұндай жағдайда туған-туыстарына қайту бағыты мен уақыты туралы алдын ала хабарлап, өздерімен толық зарядталған мобильді құрылғылар мен қосалқы байланыс құралдарын алып кетуді ұсынады.