Ulysmedia.kz порталы жолдаған осы сауалға Отандастар қоры жауап берді.
КСРО ҚҰЛАҒАН КЕЗДЕ ШЕТТЕ 5 МЛН ҚАЗАҚ БОЛҒАН
Жалпы қор Қазақстанның шетелдегі диаспораларына негізгі үш таргеттік санатқа бөледі.
І. ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ
Этникалық қазақ – ұлты қазақ, бірақ басқа елдің азаматы болып саналатын немесе азаматтығы жоқ (босқын) тұлға (Халықтың көші-қоны туралы заң бойынша). Кеңес одағы құлаған кезде Қазақстаннан тыс жерлерде 5 миллион қазақ тұрған. Қазіргі таңда, ресми мәліметтер бойынша шетелде әлемнің 40-қа жуық мемлекетінде 3,5 миллионнан астам қазақ тұрады. Кейбір бейресми сарапшылық мәліметтер бойынша шетел қазақтарының саны 5-7 миллион аралығында болуы мүмкін деп ескертеді Отандастар қоры.
Этникалық қазақтардың орналасуына байланысты оларды негізінен екі топқа бөлуге болады – индиген қазақтар және қазақ диаспорасы.
Шетелдегі индиген қазақтар – Қазақстан аумағынан тыс жерлерде, алайда өздерінің этникалық байырғы территориясында тұратын қазақ халқының бөлігі (этникалық қоғамдастық).
Шетелдегі автохтонды қазақтар әлем елдеріндегі қазақтардың 90%-дан астамын құрайды. Ресми саны – 3 миллионнан астам. Олардың басым бөлігі Қазақстанмен шекаралас орналасқан Ресей, Өзбекстан, Қытайдың байырғы тұрғындары болып саналады.
ҚАЙ ЕЛДЕ ҚАНША ҚАЗАҚ БАР
Ресей. Ресейдегі қазақтардың саны 2021 жылғы санақ бойынша 592 мың адамды құрайды. Олардың басым үлесі Астрахан, Саратов, Омбы, Самара, Орынбор, Челябі және Волгоград облыстарын, Алтай өлкесі мен Алтай Республикасын мекендейді.
Қытай. Қытай қазақтары негізінен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында, оның ішінде Іле-Қазақ автономиялық округінде, Алтай, Тарбағатай округтерінде, Санджи-Хуэй автономиялық округінде, Үрімші қалалық округінде, Хами округінде, Боротала-Моңғол автономиялық округінде шоғырланған. Статистикалық деректер бойынша Қытайда 1,6 миллионға жуық қазақ тұрады.
Өзбекстан. Өзбекстанның Статистика жөніндегі мемлекеттік комитетінің 2021 жылы жариялаған мәліметіне сәйкес қазақтардың саны 821,2 мың адамды құрайды. Өзбекстан қазақтарының негізінен тұру аймақтары Қарақалпақстан, Ташкент, Науаи, Жизақ, Сырдария, Бұхара және Хорезм облыстары мен Ташкент қаласы.
Шетелдегі қазақ диаспорасы – тарихи-саяси (соғыстар, көтерілістер, репрессиялар, ұлттық-азаттық қозғалыстар), діни (діни негізде қудалау, мешіттерді бұзу) себептермен сипатталатын күштеп немесе мәжбүрлі қоныс аудару салдарынан қалыптасқан қазақ халқының бөлігі (этникалық қоғамдастық).
Қазақ диаспорасы шоғырланып тұратын елдер қатарында Моңғолияны (125 мыңнан астам), Қырғызстанды (35 мыңнан астам), Түркияны (30 мыңнан астам), Еуропа (5 мыңнан астам), Иран (10 мыңнан астам) мен Түркіменстанды (9 мыңнан астам) атауға болады.
ІІ. БҰРЫНҒЫ ОТАНДАСТАР
Бұл санаттағы азаматтар – Қазақ кеңестік социалистік Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұдан бұрын азаматтығында болған және шетелде тұрақты тұратын адам. Бұл категория Қазақстаннан өздерінің тарихи отанына, негізінен Германия, Израиль, Ресей, Украина сынды мемлекеттерге қоныс аударған адамдардан құралады (өзге ұлт өкілдері). Ресми деректерге сәйкес 3,8 миллиондай адам.
ІІІ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАҢА ДИАСПОРА
Бұл санат (еңбек, білім, бизнес миграциясы негізінде қалыптасқан) – соңғы жылдары түрлі себептермен шет елдерге кеткен қазақстандық азаматтардан қалыптастып жатқан жаңа диаспора. Ресми түрде 200 000 адам (ҚР Президентінің 2024 жылғы Ұлттық құрылтайдағы сөзінен). Бұл категория өте аз зерттелгендіктен және олардың қатары күннен күнге ұлғайып жатқандықтан, олардың нақты санын анықтау қиын. Бейресми 500 000-ға жуық болуы мүмкін.
– Жалпы саны 7-10 миллионнан аралығындағы адам еліміздің мүдделері үшін, атап айтқанда біртұтас қазақ әлемінің рухани бірегейлігін қалыптастыруда, инвестиция тартуда, білім мен жаңа дағдыларды меңгеруде, демографиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, қайырымдылық шараларын жүргізуде, сауда мүмкіндіктерінде, туризмнен пайда табуда жеткіліксіз деңгейде пайдаланылатын Қазақстанға ықтимал достық көзқарастағы «жұмсақ күш» деп аталатын орасан зор әлеует, – делінген қордың жауабында.
Тұтастай алғанда, осы аталған категорияларды практикалық қолайлылығы үшін шетелдегі отандастар деп атау ұсынылады.