Қазақ зиялыларының «шашын қиған» жігіт табылды

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Айболат есімді шаш қиятын маман қазақ зиялыларын ұлықтаудың жаңа амалын ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӘРҚАЙСЫНЫҢ СУРЕТІ ІЛІНІП ТҰРУЫ ТИІС

Айболат есімді барбер, яғни ерлер шашын қиятын азамат желідегі парақшасында өте бір қызық эксперимент жасағанын мәлімдеді. Ол өз шаштаразының қабырғасына қазақ халқының зиялы қауым өкілдерінің суретін іліп қойған. Жасанды интеллектпен оларға сәнді шаш үлгісін істеген. 

“Қазақстанның барлық барберлеріне ұсыныс болып тұр. Білмеймін, бұл идея жүзеге аса ма, аспай ма...Жігіттер, барлығымыз өз қабырғамызға қазақтың зиялы қауымын іліп қояйық. Жасанды интеллектпен жасадық. Түрін өзгертпей әдемі прическа жасадым. Қажымұқан атамыз, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Жұбанов, Халел Досмұхаммедов мықты-мықты тұлғалар бар. Әрқайсының түрі осылай ілініп тұруы тиіс” – дейді шаштараз. 

Қабырғада суреті ілінгендер қатарында Қажымұқан Мұңайтпасов, Бауыржан Момышұлы, Ахмет Жұбанов, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхаммедов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы бар. 

“Жас балалар келіп маған Роналдудікіндей қылып алып бер, мынанікіндей қылып алып бер дейді. Неге олар келіп осы кісілерді айтпасқа? Өзіміздің ата-бабаларымызды, зиялы қауымымызды жастарға танытуға біз өзіміз үлес қосайық. Әрқайсы өз саласында үлес қосуы керек елдің дамуына – дейді шаштараз жігіт. 

Желі қолданушылар шаштараз жігіттің бұл ұсынысын жылы қабылдады.