Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев елдегі әскери-патриоттық салаға қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАР ТЫС ҚАЛЫП ЖАТЫР
«Біріншіден, мемлекеттік органдар әскери-патриоттық тәрбиені қоғамға сіңіру үшін табанынан таусылып жүрген ұйымдармен тығыз жұмыс істемейді. Әрине, әрбір күштік құрылымның өз әскери-патриоттық клубы бар. Салдарынан әскери-патриоттық тәрбиемен айналысатын қоғамдық ұйымдар мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалады. Мұндайда келісіп пішкен тонның келте болмайтынын ескеру керек» – дейді депутат.
ЕСКІРГЕН ТӘСІЛДЕР
Ол екінші мәселе ретінде «әскери-патриоттық тәрбиенің ақпараттық жұмысы ақсап тұрғанын» айтты.
«Атқарылған шаруаны айтумен шектелмей, кей қоғам өкілдері теріс деп таныған, кей жағдайда қарама-қайшы келетін мәліметтерді де зерттеп жариялау қажет-ақ. Үшіншіден, әскери-патриоттық тақырыптағы отандық телевизиялық және анимациялық фильмдердің жетіспеушілігі сезіледі. Төртіншіден, оқу ордаларындағы алғашқы әскери дайындық пәнінің сапасы төмендеп кеткен. Соңғы жылдары сағаттары да қысқарып қалды. Бесіншіден, әскери-патриоттық тәрбиені қоғамға жеткізу үшін әуелгі әбден ескірген тәсілдер әлі қолданылады (акциялар, концерттер, кездесулер, сынып сағаттары). Мұндай іс-шаралар қазіргі жастарға қызық емес екенін түсінетін кез келді» – деді Нартай Сәрсенғалиев.
ТӘРБИЕНІ ЗАҢ ДЕҢГЕЙІНДЕ КӨТЕРУ
Аталған мәселелерді ескере отырып, әскери-патриоттық тәрбиені заң дейгейіне көтеру осы бағыттағы қызметті жандандыруға мүмкіндік береді деп санайды депутат.
«Сәйкесінше салаға жауапты мемлекеттік органдардың тізе қосып жұмыс істеуіне мүмкіндік ашылады, әскери-патриоттық тәрбиені орталық пен аймақтарда терең насихаттау үшін арнайы механизмдер қалыптасады. Бұл мақсатқа жету үшін еліміздегі барлық әскери-патриоттық ұйымдардың әлеуетін толық қолдану қажет. Және әскери-патриоттық ұйымдардың жұмысына жанын салып жүрген жастарды ынталандыру шарасын бекіту керек. Әскери-патриоттық тәрбиенің маңыздылығын ескере отырып мен осы заң жобасын қолдаймын және әріптестерімді де қолдауға шақырамын» – деді депутат.