Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Активтерді қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткізілген. Ақпаратты Үкімет таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАРТЫ ТРЛН ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ
Комиссия 525 млрд теңгеден астам қаражатты мемлекетке аударып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісімдерін мақұлдаған. Қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аударумен қатар, заң субъектілері есебінен келесі объектілердің құрылысы мақұлданған: Арқалықта дарынды спортшы балаларға арналған 120 орындық спорттық кешен, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Алматыда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған 400 орындық жаттығу орталығы.
Биылдан бастап комиссия қайтарылған активтер бойынша жалпы сомасы 900 млрд теңгеден астам келісімдерді мақұлдаған. Бұл қаражатқа бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы басталған. Сонымен қатар, Зеренді ауылында спорттық кешен және Түркістан облысындағы Темірлан ауылында музыка мектебінің құрылысына қаражат бөлінген.
САУДАҒА ШЫҒАРЫЛҒАН АКТИВТЕР
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы e-qazyna веб-платформасында қайтарылған активтер аукциондық сауда-саттыққа шығатынын таяуда хабарлаған еді. Олардың саудасы алдағы 22 және 26 қарашаға жоспарланып отыр. Оның алдында заңсыз активтерді қайтару бағытында ақшаның бір бөлігі су тасқыны салдарын жоюға жұмсалатыны белгілі болған.