Түркияда журналист Фуркан Қарабай әлеуметтік желіде прокурорлар туралы жазба жариялаған соң қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
АНЫҚ-ҚАНЫҚ
Журналист жұма күні Х-те оппозициялық партияның саясаткері, Есенюрт ауданының әкімі Ахмет Озердің ісін тергеп жатқан прокурорлардың аты-жөнін жариялаған соң ұсталды. Шенеунік Күрдістан жұмыс партиясымен (PKK) байланысы бар деген күдікке ілінді.
ҚАМАУҒА АЛДЫ
Сенбі күні Ыстамбұл соты оның жарияланымдары «терроризмге қарсы күреске қатысқан мемлекеттік шенеуніктерге қарсы бағытталған» деп есептеп, журналистті қамауға алу туралы шешім шығарды.
Сотта Қарабай айыптауларды жоққа шығарып, прокурорлардың аты-жөні бұған дейін де басқа ақпарат құралдарында аталғанын, бірақ оның уәждері ескерілмей қалғанын айтты.
Еске салайық, «Шекарасыз репортерлар» (RSF) ұйымы бұған дейін 2024 жылға арналған Баспасөз бостандығы индексінде Түркияны 180 елдің ішінде 158-ші орынға қойған болатын.