ТЖМ лауазымды тұлғаларына қатысты 103 жемқорлық қылмысы тіркелген

Қалижан Бектемір

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі соңғы үш жылда төтенше жағдайлар органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты 103 жемқорлық қылмысын тіркеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: дереккөз

АНТИКОР НЕ ДЕЙДІ

Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ТЖМ қызметінің бағыттары арасында жемқорлыққа неғұрлым бейім санатына жатады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі соңғы үш жылда ТЖМ басшыларына қатысты 103 жемқорлық қылмысын тіркеген, оның ішінде департаменттер мен басқа да бөлімшелердің 11 басшысына қатысты екені белгілі болып отыр. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы құқық бұзушылық 23% болған.  

Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының уақытылы қабылданбауы өндіріс нысандары қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, олардың тиісті еңбек жағдайларына конституциялық құқықтарын бұзады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшысына қатысты тергеу аяқталған.

«Ол лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланып, позициялау жүйесі жоқ кен орындарындағы жұмысты тоқтату шараларын қабылдамағаны үшін айыпталып отыр. Аталған жүйе кеншілердің жер астындағы орнын анықтауға, төтенше жағдайларда құтқарушылардың зардап шеккендерді тез табуына және эвакуациялауына көмектесуге, ал кейбір жағдайларда олардың өмірін сақтап қалуға арналған. Айыпталушы сотқа тартылды», — делінген агенттік хабарламасында. 

СОҢҒЫ ОН ЖЫЛДА 244 АПАТ ТІРКЕЛГЕН

Павлодар облысында өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің Тау-кен техникалық қадағалау бөлімінің бұрынғы басшысы және бұрынғы бас маманы 2016 жылы анықталған бұзушылықтар бойынша «Майкаинзолото» АҚ-ның оларды жоюын бақылаған жоқ. Нәтижесінде, бұл өндірілген кеңістіктің жоғарғы қабатының құлауына әкеліп соқтырды және адам өліміне әкелді. Айыпталушылар да сотқа тартылды.

ТЖМ мәліметі бойынша, жыл сайын қауіпті өндірістік нысандарда 20-ға жуық апат болады. Соңғы он жылда 244 апат тіркелген. Өткен жылдың өзінде өндірісте 21 апат тіркелді, 108 адам зардап шекті, оның 56-сы қайтыс болған.

Бұған дейін жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласы Медеу ауданының соты «Алматы Бас жоспары» ЖШС Бас директорының орынбасары С. Өмірәліұлы сотталғанын мәлімдеген болатын.