Желіде жастарды әскерге көшеден ұстап әкетіп жатқан видеолар тарап жатыр. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметке шақырудың қолданыстағы тәртібі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, күзгі және көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде шақыру қағазын алған жастар жергілікті әскери басқару органдарына өз еркімен бармайды. Сонымен қатар, әскерге шақырылушыларды тіркеуге олардың тіркелген мекен жайында болмауы, көшкен кезде жаңа мекенжай бойынша тіркелмеуі де себеп болады.
“Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шақыру қағазын жеке өзі тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету ішкі істер органдарына жүктеледі. Рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде кейде азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық танытады. Мұндай жағдайларда полиция оларды мәжбүрлеп ұстап, жеткізуді жүзеге асыруға құқылы”, – делінген министрлік хабарламасында.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК БАР
Әскерге шақырылатын адамның мәртебесін шақыру комиссиясы анықтайды. Мiндеттi әскери қызметке шақыру үшiн негiз болмаған жағдайда үйiне жiберiледi. Ал негiз табылса медициналық куәландырудан өтуге және шақыру шеңберiнде өзге де қызметтi жүзеге асыруға жiберiледi.
Қорғаныс министрлігі міндетті әскери қызметке шақырудан жалтару үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда әскери қызметшілер бірыңғай далалық киім нысанына көшкенін жазған едік.
ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНЕ СЫН
Соңғы жылдардағы армия сапында адам өліміне соқтырған резонанстық оқиғалардан кейін қорғаныс министрлігі әскердегі әлімжеттікті жоя алмай отыр, шынайы жағдайда жасқап, жасырады деген сын жиі айтылып, әскердің тәрбиелік саласына реформа керек екенін айтушылар көбейді.
Кейінгі жылдары «армияда көз жұмды» деген бір сарбаздың топырағы суымай жатып, екіншісі жан тапсырып жатыр. Біраз уақыт бұрын «Оймаша» полигонында оққа ұшқан әкенің «жалғыз ұлымнан айырылдым» деп шырылдаған үні бүкіл қоғамды тағы дүр сілкіндіріп, осы үрейді үдете түскен. Одан кейін Қорғаныс министрлігіне қарасты Абай облысы Аягөз ауданында орналасқан 10810 әскери бөлімінде жоғары оқу орнын бітіріп, әскери кафедрадан кейін барған әскери қызметкер көз жұмды.
Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметінде кейінгі жылдары қанша сарбаз, қанша әскери қызметкер көз жұмғанын Ulysmedia.kz бұған дейін анықтап көрген еді.