ШҚО-да қылмыстық топ құрған 11 жол инспекторы ұсталды

Аян Өрібай

Шығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет көліктік бақылау инспекциясының 11 қызметкерінен тұратын қылмыстық топ қызметінің жолын кесті, деп хабарлайды ulysmedia.kz

Фото: Ашық дереккөздерден

Қылмыстық схеманы инспекция бөлімдерінің бірінің басшысы ұйымдастырған.

«Аталған лауазымды адамдар өңірдегі “қамқорлық” танытып, кедергісіз жүру үшін жүк тасымалдау саласындағы кәсіпкерлерден пара алған. Пара сомасы 10-50 мың теңгеге дейінгі аралықты құраған. Оны жүк көлігі жүргізушілері қол алысу кезінде инспекция қызметкерлеріне беріп отырған», - делінген хабарламада.

Алынған паралардың күнделікті айналымы 150 мыңнан 500 мың теңгеге дейін болған. Барлығы ақша аударымының 20-дан астам эпизоды құжатталды. 4 адамға қатысты сот «қамауға алу» бұлтартпау шарасын таңдады. Қалғаны кінәсін толық мойындап, тергеумен белсенді түрде келісімге келіп жатыр.