«Стратегиялық нысанды мемлекетке қайтар дейді»: Шымкенттік кәсіпкер әкімнің үстінен шағымданды

Сырым Қаржас

Алматыда «Су ресурсы маркетингі» ЖШС басшылары мен заңгерлері баспасөз жиынын өткізіп, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен компанияға заңсыз талаптар қойылып, қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

«САЯСИ ҚЫСЫМ»

Компания басшыларының айтуынша, Шымкенттегі ауызсу саласында көш бастап тұрған компания 25 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп, миллионға жуық тұрғынды сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп келеді. Компанияда мыңға жуық қызметкер тұрақты түрде еңбек етеді. Оның басшысы Анарбек Орман соңғы бір жыл ішінде әкімдік тарапынан заңсыз тексерулер ұйымдастырылып, компанияны мемлекет меншігіне қайтару талабы қойылғанын айтады. Әкімдік бұл талапты «стратегиялық нысан» мәртебесімен өзін ақтайтын көрінеді. Алайда Орман бұл заңсыз әрекеттерді «саяси қысым» деп бағалап отыр.

БАНКТЕН ҚАРЫЗ

Бухгалтерлік есепке сәйкес, кәсіпорын таза табыс көрсеткішін сақтай отырып, Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕБРР) арқылы 30 млрд теңге несие және жеке инвестициялар есебінен 15 млрд теңге тартып, бүгінгі күнге дейін 150-ден астам су ұңғымасы мен тарату нысандарын іске қосқан. Кеңес дәуірінен мұра болып қалған, әбден тозығы жеткен инфрақұрылымды 10 жыл бұрын Польша елінен әкелінген құрылғылардың көмегімен жаңартып, 100 мың текше метрге дейінгі су тазарту жүйесін модернизациялаған. Қаладағы 1900 шақырымдық су құбырларының 1100 шақырымын ауыстырып, су сүзу станцияларына Ұлыбританияның ең заманауи құрылғыларын орнатқан. 

– Шымкент әкімдігі біздің мекемені мемлекетке қайтсын дейді. Біз оған «Қайсы заң аясында қайтуы керек?» дейміз. «Мынадай заңды бұздыңдар» деп атап айтып, көрсетулері керек қой?! Не болмаса «Мынандай бір кемшілік бар» десін. Тіпті болмаса: «Мынандай стратегиялық талаптың мынандай пункттеріне сай емессіңдер» десін. Оны ешкім айтпайды! Сондықтан, Ғабит Сыздықбеков жеке біреудің мүддесін көздеп отыр деп айыптай алмаймын. Бірақ, осындай үлгілі мекеменің жұмысын тоқтатуға әрекеттер жалғасып жатыр, – дейді Анарбек Орман.

“ЖЫЛЫНА 2 МЛРД ТЕҢГЕ САЛЫҚ ТӨЛЕП ОТЫРҒАН МЕКЕМЕМІЗ”

Компнаия Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Алтын Сапа» сыйлығын алған. Кәсіпорын басшысы Анарбек Орманның айтуынша, әкімдік бұл мәселеде ешқандай нақты заңды негіздеме келтірмеген. Компания құрылғалы бері 2023 жылға дейін мемлекетке 16 млрд теңге салық төлеген. Биыл 2,2 млрд теңгеге жуық салық төлемекші.Сонымен қатар, кәсіпорын тек өз ресурстарымен жұмыс істеп, мемлекеттік субсидияларға тәуелді емес екенін баса айтқан.

– Президенттің де, әкімнің де тікелей мүддесі мен мақсаты – халыққа қолайлы жағдай жасау емес пе?! Орысша айтқанда «комфортный условия» дейді ғой... Біз соны күн демей, түн демей жасап отырмыз. Біздің қызметіміз өте жоғары деңгейде. Бір Қазақстан емес, ТМД, керек болса Еуропалық үлгілі мекемеміз. Біз Шымкентті ауыз сумен қамтып отырмыз. Осыған дейін ешқандай проблема болған жоқ. Бірақ, 5-6 айдан бері тексерістен көз ашпай келеміз. Біз Шымкентте 1 миллионға жуық халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсетіп жатырмыз. Сапалы сумен қамтамасыз ету, пайдаланылған суларды тасымалдап, оны тазарту қондырғысынан шығарып, табиғи қайтару жөніндегі біздің жұмысымыз барлық көрсеткіш жағынан жоғары деңгейде. Әкімшілік бізге қайта жәрдем берсін. Біз бизнесімізді алға қарай  жалғастырайық. Біз жылына 2 млрд теңге салықты бюджетке құйып отырған мекемеміз. Мың адам бізде жұмыс жасап, отбасы, бала-шағасын асырап отыр.  Бізге қолдау керек, бізге кедергі жасамасын деп өтінем! – дейді «Водные ресурсы маркетинг» ЖШС Бас директоры.

БҰЛ НЕ ДЕГЕН БІТПЕЙТІН ТЕКСЕРУ

Кәсіпорынның адвокаты Сағатбек Жұман мемлекеттік органдар тарапынан, атап айтқанда Шымкент қалалық әкімдігінің энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасы мекеменің мүлкін мемлекеттік меншігіне қайтару жөнінде 3 рет талап-арыз беріп, азаматтық іс қозғағанын айтады. Ол істер бойынша қазіргі кезде барлық талап-арыздар қараусыз қалдырылып отыр. Талап-арыздаы қараусыз қалдыру туралы талапкердің өзі сотқа арыз түсірген. Бірақ бұл мәселе көп айдан бері қаралған.

– Біз жақтан да, олар жақтан да көптеген талаптар берілді. Бір жақтан қарсы пікірлер айтылды. Ақырында осындай ұйғарым шығарлып, соттың талабы қараусыз қалдырылды. Қазіргі таңда сот процесі тоқтап тұр. Бірақ заң бойынша былай: Азаматтық істі қараусыз қалдыру деген сөз – оларға қайдан талап-арыз беруге еш шектемейді. Қазіргі уақытта тап сондай талап-арызды олар сотқа қайтадан берсе, біз онда қайтадан сотқа қатысуға мәжбүр боламыз. Олардың негізгі талабы – біздің меншігіміздегі мүлікті мемлекеттің меншігіне қайтару. Олар: «Жекешелендіру кезінде заң бұзушылықтар болған», - деп айтады. Бірақ өздеріңізге белгілі жекешелендіру заңы бойынша, оның жетістіру мерзімі деген болады. Бұл 1996-97 жылы жекешелендірілген мүлік. Ол бойынша алты айдың ішінде ғана талап арыз беруге құқылы болатын. Осы заң талабын талапкермен өрескел бұзып отыр, – дейді ол.

Адвокаттың пайымдауынша талап-арыз беруге ешқандай негізі жоқ. Соттың барлығы осы биыл болған. Талап-арыздың барлығы бірінен кейін бірі биыл берілген. Соңғысы осыдан екі апта бұрын қараусыз қалдырылған. Қазіргі кезде біздің мекемеде екі мемлекеттік мекеменің тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың жүргендеріне 5 ай болды дейді адвокат. Сонда да мекеме өкілдері “ешқандай қорытындысын әлі айтқан жоқ, бұл не деген шектеусіз тексеру” деп қайран қалады.