Бейсенбіде Brent эталонды мұнай бағасы барреліне 74,4 долларға дейін өсті (+2,1%), деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ресейден шығатын шикізат тасымалының тоқтау ықтималдығына байланысты әрі Ресей мен Украина соғысы өршіген кезең мұнай бағасын бұдан кейін қымбаттатуы мүмкін.
– Бейсенбіде Ресей алғаш рет Украинаның Днепр қаласын орта қашықтықтағы баллистикалық зымыранмен атқылады. Ресей президентінің айтуынша, бұл Ресей аумағындағы әскери нысандарға Батыс елдерінің жоғары дәлдіктегі қаруды қолдануына берген рұқсатына жауап болған, – деп хабарлады АФК.
Украина президенті мұны Солтүстік Кореядан әскер майданға кіргеннен кейін жасалған екінші қадам деп атады.
ДНЕПРГЕ СОҚҚЫ
21 қарашада Украина күштері Ресейдің Днепрге және оның айналасына зымыранмен соққы жасағанын хабарлады. Соққы кәсіпорындар мен маңызды инфрақұрылымға зақым келтірген.
Украина тарапы Астрахань облысынан атылған ракета – құрлықаралық баллистикалық зымыран деп болжаған.
Кейін CNN анонимді америкалық шенеунікке сілтеме жасай отырып, Ресейдің 21 қарашада Днепрге соққы беру үшін қолданған зымыраны құрлықаралық емес, орта қашықтықтағы эксперименттік баллистикалық зымыран екенін хабарлады. Дереккөздің айтуынша, АҚШ Ресейдің эксперименттік зымыранды қолдану мүмкіндігі барын білген. Вашингтон Украина мен басқа елдерге ықтимал қауіп барын алдын ала ескертіп отыр.
ПУТИННІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Украинамен арада болып жатқан соғысқа қатысты шұғыл мәлімдеме жасап, қақтығыс ғаламдық сипатқа ие болғанын айтқан еді. Ол Украина 19 және 21 қарашада Курск және Брянск облыстарындағы нысандарға батыстық зымырандармен соққы жасағанын айтты. Оның сөзінше, Ресей күштері бұған жауап ретінде соққы берген, оның ішінде тәжірибелік қару қолданылған. РФ “Орешник” ядролық емес гипердыбыстық баллистикалық зымыранмен Оңтүстік машина жасау зауытына және Украинаның қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінің нысанына біріктірілген соққы жасаған.
ТОҚАЕВТЫҢ ШҰҒЫЛ ТАПСЫРМАСЫ
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрге, президент әкімшілігінің басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.