Украинадағы соғысқа байланысты 50-ден астам ресейлік банк, 40 бағалы қағаздарды тіркеуші мен қаржы саласындағы 15 шенеунігі АҚШ-тың жаңа санкцияларына ұшырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҢА ШЕКТЕУЛЕР
21 қарашада шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) АҚШ қаржы министрлігінің сайтында Ресейге жаңа санкциялар салынғанын хабарлады.
Ұлыбритания, Канада, Австралия және Жаңа Зеландияның осыған ұқсас тізімдерінде пайда болған Газпромбанк санкцияларға ұшыраған. Сонымен қатар, БКС-банкке, "ЦентроКредит", "ДОМ.РФ", "Синара" және басқа да көптеген банктерге шектеулер енгізілген.
OFAC басылымында санкциялар тізіміне енгендердің ішінде Ресей орталық банкінің оннан астам қызметкері, оның ішінде банк төрағасының бірінші орынбасары Владимир Чистюхин мен Дмитрий Тулин, сондай-ақ Ресей банкі төрағасының орынбасары Ольга Полякова бар.
Газпромбанкке қарсы санкциялар Еуропаға газ жеткізуге әсер етуі мүмкін.
ДНЕПРГЕ СОҚҚЫ
21 қарашада Украина күштері Ресейдің Днепрге және оның айналасына зымыранмен соққы жасағанын хабарлады. Соққы кәсіпорындар мен маңызды инфрақұрылымға зақым келтірген.
Украина тарапы Астрахань облысынан атылған ракета – құрлықаралық баллистикалық зымыран деп болжаған.
Кейін CNN анонимді америкалық шенеунікке сілтеме жасай отырып, Ресейдің 21 қарашада Днепрге соққы беру үшін қолданған зымыраны құрлықаралық емес, орта қашықтықтағы эксперименттік баллистикалық зымыран екенін хабарлады. Дереккөздің айтуынша, АҚШ Ресейдің эксперименттік зымыранды қолдану мүмкіндігі барын білген. Вашингтон Украина мен басқа елдерге ықтимал қауіп барын алдын ала ескертіп отыр.
ПУТИННІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Украинамен арада болып жатқан соғысқа қатысты шұғыл мәлімдеме жасап, қақтығыс ғаламдық сипатқа ие болғанын айтқан еді. Ол Украина 19 және 21 қарашада Курск және Брянск облыстарындағы нысандарға батыстық зымырандармен соққы жасағанын айтты. Оның сөзінше, Ресей күштері бұған жауап ретінде соққы берген, оның ішінде тәжірибелік қару қолданылған. РФ “Орешник” ядролық емес гипердыбыстық баллистикалық зымыранмен Оңтүстік машина жасау зауытына және Украинаның қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінің нысанына біріктірілген соққы жасаған.
ТОҚАЕВТЫҢ ШҰҒЫЛ ТАПСЫРМАСЫ
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрге, президент әкімшілігінің басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.