Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайрат ұсталғаннан кейін Biz Birgemiz қайырымдылық қоры құрылтайшыларының бірінен жауап алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Ulysmedia тілшісіне Biz Birgemiz қорының 10 құрылтайшысының қатарына кіретін Amanat партиясы жанындағы "Жастар Рухы" елордалық филиалының бұрынғы басшысы Әйгерім Серікжанова хабарлады.
Қыз қорға қатысты сұрақтарға жауап беруден бас тартты, себебі жауап алғаннан кейін ҚМА ешкімге ақпарат бермеу туралы құжатқа қол қойдырған.
Айта кетейік, Әйгерім Серікжанова бұған дейін Amanat партиясының белсенді мүшесі болған. Сондай-ақ бойжеткен "Аманат" партиясы "Нұр Отан" аталған кезде "Jas Otan" жастар қанаты төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған. 2020 жылы ол праймеризге қатысып, Астана мәслихатының депутаттығына ұсынылғаны белгілі.
ОҚИҒА ЖЕЛІСІ
Еске сала кетсек, волонтер Перизат Қайрат «Көмекке жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырған» деген күдікпен ұсталып, тергеліп жатыр.
Сенбі, 16 қараша күні Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайраттың Палестинаға деп ақша жинап, тағы 200 млн теңге жымқырғанын растады. Тергеу нұсқасы бойынша, Палестинаға деп жинаған ақшаға Перизат Қайраттың "Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic" қымбат көлігін, сондай-ақ БАӘ-де "Rolex", "Prada" және "Fendi" бренд бутиктерінің зергерлік бұйымдарын, сағаттары мен киімдерін сатып алған.
Сондай-ақ Ulysmedia.kz ресми ашық дереккөздер арқылы Перизат Қайрат басқарған Biz Birgemiz қоры жайлы мәліметтерге үңіліп көріп, қордың бірнеше құрылтайшысы барын анықтады.
Перизатпен бірге «Amanat» партиясының да аты қатар аталып, ел ішінде түсініспеушіліктер пайда болды. Осыған байланысты «Amanat» партиясының басшылығы өздерін «Biz Birgemiz» қорының құрылтайшысы саналмайтынын мәлімдеді.