Дүниежүзілік банк Киевке тағы 4,8 миллиард доллар бөледі

Қалижан Бектемір

Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль Дүниежүзілік банк Киевке бейбітшілік бағдарламасы аясында 4,8 миллиард доллар бағыттайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

ШМЫГАЛЬ НЕ ДЕДІ

Бұл толыққанды әскери қақтығыс жағдайында Украинаны қолдаудағы халықаралық қауымдастықтың кезекті қадамы болды.

Қаражат өмірлік маңызды бюджеттік шығындарды қамтамасыз етуге арналған.

Шмыгаль АҚШ пен халықаралық серіктестерге баға жетпес қаржылық қолдауы үшін алғысын білдірді.

Бұл ақша осы қиын уақытта экономиканы тұрақтандыруға және украин халқына көмектесуге маңызды үлес болады, –деді ол.

Еске салсақ, 2022 жылы Ресей шабуылы басталғаннан бері Украина халықаралық одақтастардан 100 миллиард доллардан астам қаражат алды, оның көп бөлігі несие түрінде берілді.

ДНЕПРГЕ СОҚҚЫ

21 қарашада Украина күштері Ресейдің Днепрге және оның айналасына зымыранмен соққы жасағанын хабарлады. Соққы кәсіпорындар мен маңызды инфрақұрылымға зақым келтірген.
Украина тарапы Астрахань облысынан атылған ракета – құрлықаралық баллистикалық зымыран деп болжаған.

Кейін CNN анонимді америкалық шенеунікке сілтеме жасай отырып, Ресейдің 21 қарашада Днепрге соққы беру үшін қолданған зымыраны құрлықаралық емес, орта қашықтықтағы эксперименттік баллистикалық зымыран екенін хабарлады. Дереккөздің айтуынша, АҚШ Ресейдің эксперименттік зымыранды қолдану мүмкіндігі барын білген. Вашингтон Украина мен басқа елдерге ықтимал қауіп барын алдын ала ескертіп отыр.

ПУТИННІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Украинамен арада болып жатқан соғысқа қатысты шұғыл мәлімдеме жасап, қақтығыс ғаламдық сипатқа ие болғанын айтқан еді. Ол Украина 19 және 21 қарашада Курск және Брянск облыстарындағы нысандарға батыстық зымырандармен соққы жасағанын айтты. Оның сөзінше, Ресей күштері бұған жауап ретінде соққы берген, оның ішінде тәжірибелік қару қолданылған. РФ “Орешник” ядролық емес гипердыбыстық баллистикалық зымыранмен Оңтүстік машина жасау зауытына және Украинаның қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінің нысанына біріктірілген соққы жасаған.

ТОҚАЕВТЫҢ ШҰҒЫЛ ТАПСЫРМАСЫ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрге, президент әкімшілігінің басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

СОҒЫС

Ресей әскері 2024 жылдың 24 ақпанында Украина аумағына басып кірген болатын. Соғыс әлі жалғасып жатыр.

БҰҰ, Amnesty International және Human Rights Watch халықаралық гуманитарлық ұйымдарының хабарлауынша, Ресей әскерлері Украинаның тұрғын аудандарына, ауруханаларына және басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына зымырандармен соққылар жасаған. Соғыс ірі көші-қон дағдарысын туғызды. БҰҰ мәліметтері бойынша, Украинадан 7,86 миллион босқын ретінде кеткен (2022 жылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша), ал тағы 8 миллионға жуық адам ішкі қоныс аударған. Бірқатар журналистер шапқыншылықты Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері Еуропадағы ең үлкен әскери қақтығыс деп атайды. Ресейдің әрекеттерін әлемнің көптеген мемлекеттері мен ықпалды халықаралық ұйымдары қатты айыптады.

Соғыс Ресейде және әлемде соғысқа қарсы наразылықтарға, ресейлік БАҚ-та цензураға АҚШ, Еуропалық одақ және басқа елдердің Ресейге қарсы жаңа санкцияларына, соның ішінде елді әлемдік экономикадан ішінара оқшаулауға, Ресейдің бірқатар спорттық және басқа да халықаралық іс-шараларға қатысуын шектеуге әкелді, сондай-ақ Ресей үшін ауыр экономикалық салдары болды. Украинада соғыс экономиканың құлдырауына, әуе және теңіз көлігінің жұмысын тоқтатуға және басқа да бірқатар жағымсыз салдарға апарып соқты. Украинаның қоршаған ортасына және Украинаның мәдени мұрасына үлкен зиян келтірілді. Әлемдік ауқымда шапқыншылық және онымен байланысты Санкциялар халықаралық сауданың төмендеуіне және азық-түлік пен энергия бағасының күрт өсуіне соқтырды. Екі жақтан да адам шығыны көп.